Қытайға млн тоннадай бидай шығаруға ниеттіміз – министр
Ербол Қарашөкеев бәсекелестік орта болғасын мүмкіндігінше өз нарығымызды қорғауға тырысып жатқанымызды айтты
Сенатор Советбек Медетбаев Сенаттағы Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сұрақ қойды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Соңғы бірнеше жылда қазақстандық астық пен ұн нарығы Ресей бидайының заңсыз әкелуінен зардар шегіп отыр. Бұл агробизнес субъектілерінің проблемасы ғана емес, Қазақстан экономикасына қауіп төндіреді. Астық одағының бағалауы бойынша көлеңкелі импорт – 2 млн тонна, ал ресми импорт – 26 мың тонна. Қазіргі уақытта Ресей Федерациясынан астықты көлікпен тасымалдауға шектеу қойылды. Сарапшылардың мәліметінше, әкелінген бидай қосымша салықты төлемей, Қазақстанның шаруа қожалықтарына және жасырын реэкспорт түрінде транзинттік тариф төлемей рәсімделіп, Орталық Азия елдері мен Ауғанстаға жіберіледі. Мұндай жағдай Қазақстанның нақты астық өнімінің бұрмаланған статистикасына астық өндіруі мен тұтынудың нақты теңгерімінің қалыптастыруының мүмкін емесіне, бюджетке міндетті салық аударымдарының түспеуіне, Қазақстанға валюталық түсімнің төмендеуіне алып келді. Өйткені, сұр астықтың құны нарықтағы құннан 5-10%-ға төмен. Сыртқы нарықтағы қазақстандық астықтың бұрмаланған объективті құны қалыптасып жатыр. Себебі сұр астық Орталық Азия мен Ауғанстандағы тұтынушылар үшін маркетмейкер болып саналады», - деді ол.
«Бүгінде шектеу алынып тасталғаннан кейін астықты бақылаусыз әкелуді болдырмау үшін қандай жүйелі шаралар қабылданады?», - деп сұрақ қойды сенатор.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев көрші елдердің ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудегі өнімділігі жоғары екенін айтты.
«Расында көршілес елдерде өсімдік, дәнді дақылдар шаруашылығында өнімділігі бізге қарағанда әлдеқайда жоғары. Мысалы, Ресейдің оңтүстік өңірлерінде (астықтың) өнімділігі гектарына 40-50 центнерге барады. Негізі бәсекелестік тәуекелі жоғары екенін көріп отырмыз. Сіз айтқандай, осы жылдың басында біз Қазақстан ішінде көлікпен бидайды тасымалдауға тыйым салдық. Бидайға бағаның түсуі тек Қазақстанға байланысты емес. Бұл әлемдегі дағдарыс пен геосаясатқа байланысты. Сондықтан осы ахуалды ескеріп, әрі қарай жұмыс істеу керек», - деді ол.
Министр атағандай, өзіміздің шаруашылықтарға қолдау, қаржылай қолдау, яғни субсидия түрінде қолдау көрсетіліп жатыр.
«Сосын мейлінше нарықты ашу мәселесін шешудеміз. Өзіңіз білесіз, біз президенттің ресми сапары барысында Иранға да бидай тасымалдау, экспорттау келісімге қол жеткіздік. Ол шамамен млн тоннадай. Бидайға төлеу процесі шешімін тапқаннан кейін негізгі көлем шығады деп болжап отырмыз. Қытай нарығын да аштық. ҚХР-ға млн тоннадай бидай шығарамыз деп ойлап отырмыз. Бәсекелестік орта болғасын біз мүмкіндігінше өз нарығымызды қорғауға тырысамыз. Бірақ біз Еуро Одақ ұйымының ішінде болғасын басқа баж салығын сала алмаймыз, басқа да қорғау құралдарын қолдана алмаймыз. Сондықтан біз заңды түрде бар құралдарды қолданып, сұр экспортқа да жол бермей, отандық бидай өндірушілерге көмек көрсете аламыз деп ойлаймын», - деді Қарашөкеев.