15 маусымда жобаның екінші маусымы басталады
Әйелдердің саяси көшбасшылығын ілгерілетуге бағытталған «Томирис» жобасы өткен жылы жақсы нәтиже көрсетті. Мәселен, бағдарламаға қатысушылардың жартысы аудандық, қалалық және облыстық мәслихаттардың депутаттығына үміткер болды, оның ішінде «Томирис» жобасының 12 түлегі халық қалаулысы атанды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оған қоса жоба аясында әр өңірде 30 қоғамдық-саяси жоба жүзеге асырылды. «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясының директоры Данияр Мұқитанов жобаның былтырғы қорытындылары мен жоспарлары туралы айтты
Былтыр «AMANAT» партиясы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, сондай-ақ Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігімен бірлесіп, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен «Томирис» жобасын іске қосқан болатын.
Жобаның мақсаты - саясаттағы әйелдер көшбасшылығын ілгерілету, гендерлік саясатты қалыптастыру, әйелдердің экономика мен инновацияларды дамытудағы рөлі, партия активінен құралған қоғамдық өмірдің түрлі салаларындағы көшбасшылар әйелдерді оқыту.
«Өткен жылы жоба үшін біз 30 әйелді іріктедік. Бізге барлығы 300-ден астам өтініш келіп түсті. Біз бірнеше кезеңнен тұратын іріктеу жүргіздік. Ол: мотивациялық эссе, түйіндеме, сұхбат жүргізу. Қазылар алқасы қатысушыларды үш критерий бойынша таңдады: мансаптық жетістік, көшбасшылық әлеует және оқуға ынталандыру. Қысқа тізімге 60 адам кірді, олар комиссиямен сұхбаттасты. Олардың ішінен үздік 30 қатысушы таңдалды», - дейді Данияр Мұқитанов.
Іріктелген қатысушылар біріктірілген модульдік оқу бағдарламасынан өтті. Бағдарлама көшбасшылық, Қазақстанның трансформациясы, жобаларды басқару, коммуникациялар, көпшілік алдында сөйлеу және басқа да тақырыптар бойынша модульдерді қамтыды. Жаттықтырушылар академия пулының белгілі және тәжірибелі мамандары, сондай-ақ штаттық мамандар болды. Бағдарлама аясында Қазақстан мен Германияның қазіргі саясаткерлерімен кездесулер өтті.
«Оқыту аясында қатысушылар өз өңірлеріндегі адамдардың өмірін жақсартуға бағытталған әлеуметтік, саяси жобалар әзірледі. Мысалы, Түркістаннан келген жобаға қатысушы Ұлжан Шілібекова қыздарға арналған көшбасшылық мектебі бойынша жобаны енгізді. Ол мектепте біздің жоба сияқты оқушыларға арналған тренинг өткізді. Сонымен қатар оқудан кейін әйелдердің көпшілігі мәслихаттарға сайлауға түсті», - деді академия директоры.
Айта кету керек, 30 қатысушының 15-і мәслихат депутаттығына үміткер болды. Сайлау қорытындысы бойынша 12 әйел аудандық, қалалық, облыстық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары атанды.
Данияр Мұқитановтың айтуынша, партиялықтар оқудан кейін де қатысушыларды қадағалап, іс-шараларға шақырып, бастамаларды қолдады.
«Біз әйелдерді барлық партиялық жобаларға тартамыз. Өткен жылы барлық өңір бойынша әйелдер форумдары өткізілді. Бұл іс-шараларға «Томирис» жобасының қаитысушылары шақырылды. Олар спикер ретінде сөз сөйледі, өздері, өз жобалары, іске асырылып жатқан бастамалар туралы айтып берді. Біз оларды қолдауға және ілгерілетуге барынша тырысамыз», – дейді Мукитанов.
Әйелдер көшбасшылығы бойынша табысты жоба биыл да жалғасады. Әйелдер жобаға 2023 жылдың 15 маусымы мен 15 шілдесі аралығында өтініш бере алады. Тамыз айының соңында таңдалған 30 қатысушымен оқу басталады деп болжануда.
«Біз жаспен шектелмейміз. Ең бастысы, әйелдердің кем дегенде екі жылдық жұмыс тәжірибесі болуы керек, партияда болуы керек немесе AMANAT партиясына қосыла алады, сауалнама толтыруға және мотивациялық эссе жазуға, жетістіктерін көрсетуге ниет білдіруі керек. Биыл біз атқарушы органдарды оқытуға көп көңіл бөлеміз. Өткен жылы біз мәслихаттарға депутаттарды сайлауға бағдарландық, ал биыл аудан әкімдерін сайлауға бағдарланатын боламыз. Әкімдіктердің жұмысына, бюджетті жоспарлау мен орындауға, халықтың өмірін жақсарту үшін жергілікті бастамаларды іске асыруға баса назар аударылады. Сондай-ақ қатысушылардың өтініші бойынша белгілі әйел саясаткерлермен көбірек кездесулер өткіземіз(, – деп түсіндірді Данияр Мұқитанов.