«Күш - қазақ тілінде»: Өскеменде республикалық қазақша QUIZ ойыны өтті
«Bizdiң Өskemen Quiz» ойындары енді күзден бастап тағы жалғасады
Шығыс Қазақстан облысында республикалық көлемдегі интелектуалдық куиз ойыны өтті. Мұндай үлкен жиын қазақ куизі тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Өскемен қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен «Bizdiң Өskemen Quiz» атты зияткерлік жоба ШҚО-да 2019 жылдан бері тұрақты түрде жалғасып келеді. Ойынды өңірге белгілі журналист - Дарын Нұрсапар ұйымдастырады.
Облыстың барлық аудандарында іріктеуден өтіп, маусымжабар финалда Өскеменде кездесетін ойыншылар, биыл республика көлеміндегі мүйізі қарағайдай командалар мен тапқырлық сынасып көрді.
Жан-жақтан жиналған отыздан астам команданың ішінен Астанадан келген «Борт№1» командасы топ жарса, екінші орынды өскемендік «Ұландары 9 корпустың» командасы иеленді. Құрметті үшінші орын - Абай облысынан келген «Кірпі шешен» командасының қанжығасында. Маусымның үздік ойыншысы - Әділ Анарбеков атанды.
Сұрақтар 31 мамырға орай, «Алаш арыстары» тақырыбымен ерекшеленді.
Соңғы жылдары куиз ойындарының жалпыұлттық трендке айналып келе жатқанын баса айтқан Өскемен қаласы әкімі Жақсылық Омар, интеллектуал ұрпақ тәрбиелеу жолында мұндай ойындардың сөзсіз пайдалы екендігін жеткізді.
«Бұл жай ғана басқосу емес, жастардың таным-көкжиектерін кеңейту, жаңа идеялас достар табу мүмкіншілігі. Бұл ойын - жаңа интеллектуал орта қалыптастыратын жер. Ең бастысы - қазақ тілін дамытатын үлкен жұмыс», - деді қала әкімі өзінің құттықтау сөзінде.
«Bizdiң Өskemen Quiz» ойындары енді күзден бастап қайта жалғасады. Жаңа маусымда жаңа серпінмен оралатын жоба шығыстағы қазақша сөйлейтін және ойлайтын адамдардың ең үлкен бас қосуына айналмақ.
«Ойынның мақсаты не десеңіз, оның слоганына қараңыз, яғни ұраны: «Күш - қазақ тілінде», - дейді жоба авторы Дарын Нұрсапар