Бразилияның экс-президенті 8 жылға түрмеге қамалды

Автор: Azattyq Rýhy

Фернандо Колор ди Мелу 1990-1992 жылдары Бразилия президенті болды

Фото: AP Photo

Бразилияның Федералдық соты бұрынғы президент Фернанда Колор ди Мелуды жемқорлық жасады және ақшаны жылыстату деген айыптармен 8 жыл 10 айға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

Reuters агенттігінің хабарлауынша, сот 73 жастағы экс-президентті ұлттық мұнай-газ компаниясының еншілес компанияларының біріндегі сыбайлас жемқорлық схемасына қатысқаны үшін кінәлі деп тапты. Колор ди Мелудың 2010-2014 жылдар аралығында алған пара сомасы 30 миллион реалды (шамамен 6 млн доллар) құраған.

Жергілікті заңға сәйкес, сегіз жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айырылғандар жазасын арнайы түзеу мекемесінде өтей бастауы керек.

Ди Мелудің адвокаттары оның кінәсіздігін айтып, ақталып шығатынына сенімді. Қорғаушы тарап екі апелляциялық шағым түсіріп үлгерді.

Фернандо Колор ди Мелу 1990-1992 жылдары Бразилия президенті болды. Парламент оған импичмент жариялау туралы шешім қабылдағаннан кейін ол отставкаға кетті.