31 мамыр күні алматылықтар үшін еске алу орындарына трансферттер ұйымдастырылады
Ертең Қарағайлы саябағының алаңындағы Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді
Алматы әкімдігіндегі дереккөз хабарлағандай, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні – 31 мамырда, сағат 9:00-де – қала басшылығының, қоғам қайраткерлерінің, саяси қуғын-сүргін құрбандарының туған-туысқандарының және жастардың қатысуымен Қарағайлы саябағының алаңындағы Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Рәсімге қатысушыларды Алматы облысының Жаңалық кенті аумағындағы қуғын-сүргін құрбандары жерленген жерде сағат 10:00-де басталатын іс-шараға жеткізу үшін арнайы автобустар ұйымдастырылады. Тағзым шаралары сондай-ақ Алатау ауданына қарасты Қарасу ықшамауданы аумағындағы «Қандысай» мемориалында да өтеді.
Сонымен қатар, шараға қатысушылар қаланың Орталық мешітіне барады, онда нәубет жылдар құрбандарының рухына Құран бағышталып, дұға жасалып, құрбандық шалынады.
Шаһар басшылығы «Қандысай» мемориалы мен Жаңалық кентіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайына баруға ниет білдірушілерге де тағзым сапары үшін арнайы автобустар ұйымдастырады. Бұл күні қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға ниет білдірген үшін барлық мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалмақ.
Қала әкімдігі Алматы прокуратурасының 2023 жылғы 31-мамырда ешқандай митингілер мен шерулер өткізу келісілмегені туралы мәлімдемесін растады.
Бұған дейін, Алматы қаласының прокуратурасы заңдылықты, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтау мақсатында азаматтарды арандатушыларға ермеуге, заңсыз акцияларды ұйымдастырудан және оларға қатысудан, жария түрде шақыру әрекеттерінен бас тартуға шақырған еді.
Құқық қорғау органдары заңдастырылған құқықтық тәртіпке кез келген қолсұғушылық пен құқықбұзушылықтардың жолын кесіп, осы мақсат жолында заңда қарастырылған барлық шараларды қолданатын болады.