Авиаотын нарығындағы тұрақсыз жағдай жаңа халықаралық рейстерді ашуға әсер етеді
Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев авиаотынның тапшылығы жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Азаматтық авиацияны дамытудың негізгі тежегіштерінің бірі ішкі нарықтағы авиаотынның тапшылығы және оның жоғары құны болып табылады. Осы себепті, отандық әуежайлар транзиттік компанияларды тарту мен оларға қызмет көрсету бойынша көрші елдердің әуежайлары алдында бәсекеге қабілеттілігін жоғалтады, бұл өз кезегінде Қазақстанның транзиттік әлеуетіне теріс әсер етіп отыр», - деді ол.
Министрдің айтуынша, авиаотын нарығындағы тұрақсыз жағдайға байланысты, авиакомпаниялар жаңа халықаралық рейстерді ашу қажеттілігін қанағаттандыра алмайды.
«Отандық мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаты авиаотынға деген қажеттілікті өтемейді, осыған байланысты отынды Ресей Федерациясынан импорттауға тура келеді. Мысалы, 2022 жылы өндіріс - 648 мың тоннаны, тұтыну-806 мың тоннаны құрады, тапшылық - 24%. Ресейден 158 мың тонна импортталады. Бұл мәселені жүйелі шешу үшін авиаотын өндірісінің жыл сайынғы көлемін (жылына 1 млн тонна) ұлғайту қажет, бұл ішкі нарықтағы тапшылықты және импортқа тәуелділікті жоюға мүмкіндік береді», - деді Қарабаев.