Нәубет жылдары Үндістанға 3 200 қазақтың табан тірегені белгілі болды

Автор: Azattyq Rýhy

Ғалымдарда Тибет, Гималайды басып өткен қаралы көштің толық тізімі бар

Фото ашық дереккөзден

Нәубет жылдары 3 200 қазақ Үндістанға табан тіреген. Былтыр «Архив-2025» бағдарламасы аясында 10 елге барып қайтқан отандық ғалымдар осылай дейді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Экспедиция барысында жиналған құжаттар елордада өткен көрмеде таныстырылды. Тарихшылар отызыншы жылдары Қытайға 18-45 мыңның арасында адам көшкенін айтады. Алайда қаншасы ары асқаны белгісіз еді.

Ғалымдарда Тибет, Гималайды басып өткен қаралы көштің толық тізімі бар. Олардың 2 мыңға жуық қойы, 500 шамасында сиыры мен жылқысы болған. Кейін Пәкістан, Ауғанстан арқылы Түркияға жеткен. Аштықтан, аурудан, ыстық-суық пен қарақшылықтан басым бөлігі көз жұмып, небары 1000-нан астам жанға Анадолыдан дәм бұйырды.

Қазір құжаттарды зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Ғалымдар бұл ауқымды істің тек басы ғана екенін айтады.

«Біз былтырғы іссапарды жалғастырып, ары қарай зерттеу керек деген ойдамыз. Себебі Үндістанда көп дүние бар. Біз Нью-Делиде ғана болдық. Ал қазақтар Бхопал, Хайдарабад деген қалаларында өмір сүрген. Сол жерге дейін жетуіміз керек. Міндетті түрде Англияға бару керек. Англияның архивінде де юіраз дерек болуы мүмкін», - деді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов.