Ақмола облысында кәсіпкерлер медсақтандыру жарнасын төлемеді деп заңсыз айыпталған

Автор: Azattyq Rýhy

Облыстық прокуратура кәсіпкерлер құқығының бұзылу деректерін анықтады

Фото ашық дереккөзден

Ақмола облысының прокуратурасы кәсіпкерлер құқығының бұзылуына қатысты бірқатар деректі анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Мемлекеттік кірістер органдары ескіру мерзімдерінің өтуіне қарамастан (ӘҚБтК-нің 62-бабы 1-т.) Қазақстан Республикасының Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасын бұзу бойынша (ӘҚБтК-нің 92-1-бабы) 107 кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тартқаны анықталды», - делінген ведомство хабарламасында.

Прокуратураның жедел шаралары бойынша кәсіпкерлердің құқықтары қалпына келтірілді, әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы заңсыз қаулылардың күші жойылып, жол берілген заңбұзушылықтар бойынша мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар прокуратура жанынан Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топ жұмыс істейтінін еске саламыз.

«Егер сіз заңсыз тексеруге, сіздің қызметіңізге араласуға немесе мемлекеттік органдар тарапынан қысымға тап болсаңыз, тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефонына (+77051291140) дереу хабарласуыңызды сұраймыз», - делінген хабарламада.