Сенатор су ресурстарын жөн-жосықсыз пайдаланушылармен күресуді ұсынды
Депутат су ресурстары мәселесі елімізде ғана емес, бүкіл әлемде өткір тұрғанын еске салды
Еліміздегі 130 су нысаны, оның ішінде 84 өзен, 29 көл, 13 су қоймасы, 3 канал және 1 теңіз суының сапасын тексеру барысында 40 өзені мен су қоймасының сапасы ең төменгі санаттар қатарына жатқызылған. Соның ішінде 33-іне ластану деңгейі өте жоғары деген баға берілген. Аталған мәселе туралы сенатор Амангелді Толамисов өзінің депутаттық сауалында баяндады деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Сенатордың айтуынша, мамандар анықтап отырған ластанудың басты себептерінің бірі – тазартылмаған судың өзен-көлдерге ағуы. Тәртіп бұзушылар арасында: өнеркәсіптік кәсіпорындар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығында қолданылатын химиялық заттар және басқалары бар.
«Өткен жылы Алматыдағы Алтын орда базары аумағында «Altyn Orda Qaz Trade Ltd» ЖШС-ін тексеру барысында шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктері үшін пайдаланылатын су тарту құрылғысы табылғаны белгілі. Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган базарға арнайы су пайдалануға рұқсат берілмегені жайлы ақпарат белгілі болды. Тіпті су өлшеу аспаптары да жоқ болып шыққан. Ал, санэпидқадағалау мамандары базар аумағынан лас су Ақсай өзеніне төгіліп келгендігін де сол кезде ғана анықтаған. Міне, осындай нысандардың елімізде жоқ екеніне кім кепіл?», - деді депутат.
Депутат су ресурстары мәселесі елімізде ғана емес, бүкіл әлемде өткір тұрғанын еске салды. Жөн-жосықсыз пайдаланушылар бұл мәселенің ажырамас бөлігі болып табылады. Олармен күресу керек. Парламентарий су ресурстарын тиімді пайдалану үшін қадағалау органдарының жұмысын заңнамалық тұрғыда реттеуді, осы олқылықтар мен бұзушылықтарды тұрақты тексерулер арқылы анықтауды ұсынды.
Депутат жергілікті аумақтардағы су ресурстарын пайдалануға мемлекеттік бақылау іс жүзінде жүргізілмейтінін атап өтті. Осыған байланысты ол министрлер кабинетінің басшысына бірқатар ұсыныстар айтты.
«Су ресурстары комитетінің және оның Су қорын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі бассейндік инспекцияларының штат санын ұлғайту. Уәкілетті органның жаңа құрылымы көптеген ағымдағы ұйымдастырушылық мәселелерді шешуден талдаудың, шешім қабылдаудың және орындаудың логикалық дәйекті жүйесі бар схемаға көшуге мүмкіндік беруі тиіс. Су ресурстарын пайдалану кезінде жеке және заңды тұлғалардың жауапкершілік деңгейін арттыру үшін су қорын пайдалану және қорғау саласындағы бақылаудың жаңа нормаларын қарастыру орынды», - деп түйіндеді сенатор.