Екі тарап та бірін-бірі оқ атты деп айыптады
11 мамырда Әзербайжан мен Армения бір-бірін шекарада оқ атты деп айыптады. Атыс саларынан екі елдің сарбаздары жараланған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы Әзербайжан мен Арменияның қорғаныс министрліктеріне мәлім етті.
Бакудың мәлімдеуінше, 10 мамырда кешке Армения қарулы күштерінің бөлімшелері Басаркечер облысының Зод бағытында Әзербайжан әскерилеріне қарата әртүрлі атыс қаруынан оқ жаудырып, «әдейі арандату әрекетін жасаған».
Әзербайжан Қорғаныс министрлігі атыс салдарынан бір сарбаздың басынан ауыр жарақат алғанын, оның ауруханаға жеткізілгенін атап өтті.
«Арандату және жағдайды қасақана ушықтыру әрекетін тоқтату қажеттілігі туралы ескертулерге қарамастан, армян жағы атысты тоқтату режимін тағы да бұзды», - деп атап өтті әскери ведомство.
Бұған қоса, министрлік 11 мамырда таңертең Армения әскерилері Басаркечер аймағының Зод бағытындағы позициялардан Әзербайжан армиясын минометтермен атқылай бастағанын мәлім етті.
Әзербайжан Қорғаныс министрлігі жауап ретінде «қажетті шаралар қабылданғанын» мәлімдеді.
«Әдейі жасалған арандату әрекеттері үшін барлық жауапкершілік Арменияның әскери-саяси басшылығына жүктеледі», - деп атап өтті Баку.
Өз кезегінде Ереван 11 мамырда таңертең Әзербайжан қарулы күштерінің бөлімшелері Сотк бағытында орналасқан армян позициясына артиллерия мен минометтен оқ жаудырғанын мәлімдеді.
Армения қорғаныс министрлігі де үш сарбазының жараланғанын хабарлады.
«Әзербайжан қарулы күштері жараланған сарбаз жатқан жедел жәрдем көлігіне оқ жаудырды. Армения Республикасы Қарулы күштерінің бөлімшелері тиісті қорғаныс және алдын алу шараларын қабылдап жатыр», - делінген әскери ведомствоның хабарламасында.
Сондай-ақ армян тарапы әзербайжандардың шекарадағы кешкі атысқа қатысты мәлімдемесі «шындыққа сәйкес келмейді» дейді.
Еске салайық, бұған дейін Әзербайжан мен Армения бір ай бұрын шекарада бір-бірін атқылағаны үшін айыптаған болатын. 11 сәуірдегі атқылау салдарынан екі тарап та құрбандар болғанын хабарлады.