ЖОО тізімін Азия университеттері қауымдастығы ұсынады
Азияның ЖОО-лары Цинхуа университетінде жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Бұл туралы «Жібек жолының» 10 жылдығына арналған халықаралық конференцияда Цинхуа университетінің президенті Ван Сицин айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Біз жоғары білімде КСРО-ның тәжірибесін пайдаландық. Өткен ғасырдың 50-жылынан 80-жылына дейін елдің дамуына, өндірістің дамуына аса көңіл бөлдік. Ғылымға назар аударуды қолға алған Қытай университетте екі орталық салды. Сол себепті аспиранттарға көңіл бөліне бастады. 40 жылдан кейін Цинхуа университетінде оқитын аспиранттар саны студенттердің санынан асып кетті. Аспиранттар саны 17 мың болса, магистранттар саны 20 мыңды құрайды. Осылайша, қазір университетте ғылымға көңіл бөлетін мамандар саны басым», - деді ол.
Ван Сициннің айтуынша, Азия университеттері қауымдастығына 15 елдің жоғары оқу орындары кіреді.
«Биыл қауымдастықтың алдында маңызды міндет тұр. Себебі, қауымдастық университеттерді ұсынады. Іріктелгендер біздің университетте жұмыс істейді», - деді ол.
Айта кетейік, биыл «Бір белдеу-бір жол» бастамасына 10 жыл толады. Бастама 2013 жылы Астанада ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары барысында айтылды.