Кездесуге келген сала ардагерлері өткен еңбек жолдарындағы естеліктермен бөлісті
Қызылордада «AMANAT» партиясы Теміржол филиалына қарасты «Локомотив пайдалану депосы» бастауыш партия ұйымының мүшелері партияның «Еңбек адамы» және «Ардагерлерді ардақтайық» жобалары аясында сала ардагерімен кездесу ұйымдастырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге келген сала ардагері Олжабай Қошанов өзімен 65 жыл отасқан жары Нағима әжеймен келді. Бүгінде бір әулеттің мәуелі бәйтерегі болып отырған қос қария әлі тың, қос ғасырдың куәгері болып, ұжым құрметіне бөленіп отыр. Олжабай ақсақал 84 жасқа толса, Нағима әж 82 жасқа келген. Бүгінде 5 перзенттен өрбіген 15 немере, 17 шөбере көріп отырған ардагерлер зейнеттерінің нанын 29 жыл бірге жеп келеді.
Ардагер ақсақалымыз өзінің қызмет еткен мекемесіне келіп, машинист әріптестеріне ақыл кеңесін берді. Кейінгі ұрпақты адал, таза еңбек етуге шақырды.
«Қазақта еңбектің наны тәтті» деген керемет тәмсіл бар. Әрбір азамат өз ісін адал, таза істесе, еліміз көркейіп, дами түседі. Таза жұмыс жасаған азамат қашан да құрметті болады. Еңбек адамына деген құрмет ешқашан толастамайды», - деді ардагер.
Кездесу барысында ардагер локомотив цехында болды. Өткен еңбек жолдарындағы естеліктермен бөлісті. Мекеме ауласындағы ҰОС қатысқан теміржолшыларға арналған мемориалда гүл шоқтарын қойды. Олардың ерлігіне тағзым етіп, сұрапыл жылдарды бір сәт еске алды.
«Біздің бала шағымызды аты өшкір соғыс ұрлады. Ел басына күн туғанда мен 2 жаста, соғыс біткенде 6 жаста едім. Соғыстан киінгі қиын жылдарда анама көмек беру үшін ерте есейіп, жұмысқа араластым. Осы депоға келіп жүк және жолаушылар пойызының тепловоз машинисі болдым. Еңбекпен шыңдалдым. Осы жасқа келіп, тың әрі құрметті жүруімнің сыры да адал еңбектің арқасы ғой деймін», - деді ақсақал.
Саналы ғұмырының 30 жылында басшылық тарапынан ешбір ескерту алмай, темір тұлпарды тізгіндеген Олжабай ақсақал мекеме мұражайында тұрған сонау 1975 жылы мінсіз адал еңбегіне берілген «Селеверство» атындағы сыйлығын көрсетті.
Расында өмір жолы өнеге, еңбек жолы үлгі болған ардагерден аларымыз көп. Тек тілеріміз амандық пен саулық, деп кездесуде естелік сыйлықтарды табыстаған партияның «Теміржол» филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Батырхан Базарбаев бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды.
«Еңбек адамына құрмет көрсету төңірегінде Президент өзінің халыққа арнаған Жолдауында ерекше атап өтті. Партия осы бағытта «Еңбек адамы» жобасын іске қосып, жоба аясында еңбек адамдарын құрметтеу, олардың еңбегін кейінгі ұрпаққа насихаттау, жастарды адал еңбекке шақыруда көпшілікке үлгі болып келеді. Бүгінгі іс –шара соның бір көрінісі», - деді ол.
Тағылымы мол кездесу барысында көрсетіліп жатқан құрметке риза болған ардагерлеріміз «AMANAT» партиясына жылы лебізін білдіріп, ақ батасын берді.