Елімізде 50 мыңға жуық адам банкроттыққа өтініш білдірді

Azattyq Rýhy

Өтініш 15 жұмыс күні ішінде қаралады

Елімізде 50 мыңға жуық адам банкроттыққа өтініш білдірді
Фото ашық дереккөзден

Елімізде банкрот мәртебесін алуға өтініш қабылдау жалғасып жатыр. Осы уақытқа дейін 49 113 азаматтан өтініш түсті. Бұл туралы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті берешекпен және дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасы басшысының орынбасары Меруерт Сисембаева мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«3 наурыздан бастап елімізде азаматтардың өзін банкрот деп жариялауға өтініш қабылдана бастады. Бүгінгі жағдай бойынша 49 113 азамат банкрот мәртебесін алуға өтініш берді. Өтініштер қаралып жатыр, дегенмен басым бөлігі бойынша бас тартылып жатыр. Статистикаға сүйенсек, 36 мыңға жуық азаматтың өтініші кері қайтарылды. Ал 6058 клиенттің сотсыз банкрот атану өтініші рәсімделді», - деді Меруерт Сисембаева.

Оның айтуынша, өтініш 15 жұмыс күні ішінде қаралады. Оған құзырлы мемлекеттік органдар және кірістер комитеті жауапты.

«Банкрот атануға ниет білдіргендер қойылатын талаптардың бірі соңғы 12 ай ішінде төлем бойынша берешегі болмауы тиіс. Жоғарыда айтқанымдай, 36 азаматтың өтініші қанағаттандырылмады, соның ішінде 55%-да берешегі бар болып шықты, сондықтан да бас тартылды. Осы орайда клиенттер банкрот атануға өтініш берер алдында қажетті мәліметтерді кредиттік бюродан алдын ала біліп алса дейміз», - дейді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.