«Партияның репутациясына нұқсан келтірді деп айта алмаймын»: Елнұр Бейсенбаев Башинская жайлы

Автор: Аягөз Құрмаш

Анна Башинская депутаттық мандатпен қатар, партия қатарынан да кеткен

Бұл туралы депутат Елнұр Бейсенбаев Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Анна Башинская расында да партия мүшелігіне жаңадан келген азамат. VIII шақырылымда мәслихатта депутат болған. Иә, абайсызда қателікке бой ұрды. Оны мойындады. Әлеуметтік желіде пікірін білдірді. Депутаттық мандатына байланысты шешімін шығарып, депутаттықтан кетті», - деді ол.

Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, партия саяси организм болғандықтан ондай қателіктер болуы мүмкін.

«Ол партияның репутациясына нұқсан келтірді деп айта алмаймын. Партия халықаралық істерге араласпайды. Өзге мемлекеттердің президенттерінің мәлімдемелеріне біз пікір білдірмейміз. Бұл – тікелей AMANAT партиясының позициясы», - деді ол.

Бейсенбаев Анна Башинская депутаттық мандатпен қатар, партия қатарынан да кеткенін мәлімдеді.

Айта кетейік, Deutsche Welle басылымы Facebook парақшасында Украина президенті Владимир Зеленскийдің Қырымды Ресей бақылауынан қайтарып алғысы келетіні туралы мақала шығарды. Аталған мақаланың астына «AMANAT» партиясы Алматы қалалық мәслихатының депутаты А.Башинская «Одан да Түркияны алыңыз, Зеленский мырза! Ол жақта күн жылы, жанға жайлы» деген пікір қалдырған. Депутаттың мәлімдемесі қоғамдық резонанс туғызды. Желі қолданушылары Ресейді қолдаған депутатты мандатынан айыру керек екенін жазды. Артынша Башинская кешірім сұрады.