Олардың басым бөлігі тау-кен компаниясында жұмыс істейді
Суданда 11 қазақстандық өз еркімен қалуға ниет білдірді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Судандағы жағдайдың күшеюіне байланысты Қазақстанның Мысыр,Эфиопия елшіліктері және Джиддадағы консулдығы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселесін пысықтап келеді. Бастапқыда 3 азамат туралы белгілі болды. БАҚ-та ақпарат шыққанан кейін министрлікке тағы 14 азамат хабарласты. Барлығы 17 азамат болды. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, жанжал шиеленіскенге дейін Суданда Қазақстанның 17-і азаматы бар екені белгілі болды. Олардың басым бөлігі тау-кен компаниясында, біраз бөлігі халықаралық ұйымдарда жұмыс істейді», - деді ол.
Смадияров атағандай, шет елдердің елшіліктерімен бірлесіп, жақындағы елдер арқылы 6 қазақстандық эвакуацияланды.
«БҰҰ Юнисефте қызмет ететін бір азамат Иорданиядағы кампуста орналасқан. Ал тағы бір азамат өз қалауымен БӘА-да қалды. Қалған 4 азамат елге оралды. Суданда қалған 11 азамат өз еркімен қалуға ниет білдірді. Оның ішінде 10 азамат тау-кен кәсіпорнында істейді. Қалған біреуі шекарашы дәрігерлер ұйымының қызметкері. Ол да өз еркімен жұмыс істеуге қалды. Біз компанияның басшылығымен сөйлестік, егер жағдай шиеленісетін болса, олар басқа жұмыскерлер сияқты эвакуацияланады»,- деді ол.
Айта кетейік, Суданда әскери төңкеріс әрекеті болып жатыр. 15 сәуірде Жедел әрекет ету күштері елдің тұрақты армиясымен қақтығыстар кезінде Судан астанасы Хартумдағы халықаралық әуежайды, сондай-ақ Меровтағы әуе базасын бақылауға алды.