еGov Mobile мобилдік қосымшасында eDensaulyq сервисі іске қосылды
Азаматтар осы сервиске кіре отырып, денсаулығына қатысты біраз мәліметті электронды түрде көре алады
Қазақстандағы электронды үкімет - eGov Mobile мобилдік қосымшасында «eDensaulyq» сервисі іске қосылды. Бұл туралы бүгін денсаулық сақтау саласын цифрландыру тақырыбында өткен брифинг кезінде ДСМ вице-министрі Бейбет Есенбаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Вице-министр хабарлағандай, енді азаматтар осы сервиске кіре отырып, денсаулығына қатысты біраз мәліметті электронды түрде көре алады.
«Сервисте азаматтардың донорлық статусы, электрондық рецептер, медициналық қарсы көрсетілімдер, жүкті әйелдерді есепке алу және диспансерлеу, емдеуге жатқызу, зертханалық зерттеулер нәтижелері және еңбекке жарамсыздық парақтары бойынша кеңейтілген ақпарат бар», - деп хабарлады ол.
Сонымен қатар Есенбаев мәлім еткендей, eGov Mobile-дағы eDensaulyq сервисі азаматтарға көрсетілген қызметтердің тізімін көруге және тіркеме анықталған жағдайда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгінуге мүмкіндік береді.