Ақтөбеде анасы мен ұлын өлтірді деген күдікті тергеу изоляторында өзіне қол жұмсады

Автор: Azattyq Rýhy

Қызметтік тексеру тағайындалды

Ақтөбеде анасы мен ұлын өлтірді деген күдікті тергеу изоляторында өз өмірін қиды. ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде ақпаратты растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 «Күдіктіні түнде мекеме қызметкерлері анықтады. Кезекші ауысым дереу алғашқы медициналық көмек көрсетті. Қолданылған шараларға қарамастан тергеудегі адамды аман алып қалу мүмкін болмады. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригадасы тергеу жүргізіліп жатқан адамның өлімін растады», - делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, оқиға 29 сәуірде болған.

«Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келді. Оқиға ТЖҚБ тіркелді, ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге итермелеу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ комитет қазіргі уақытта Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері «ішкі аудит тағайындап, оның қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қолданылатынын» хабарлады.

Айта кетейік, 2023 жылдың 29 наурызында Ақтөбедегі тұрғын үйдің пәтерлерінің бірінде 35 жастағы әйел мен оның 16 жасар ұлы өлі күйінде табылып, марқұмның 13 жасар қызы ауруханаға жеткізілді. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99 бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған болатын. («Адам өлтіру»)