Жыл басынан бері облыс аумағында 127 жол-көлік оқиғасы тіркелген
Түркістан облысында үш ай ішінде жол көлік оқиғаларынан 50 адам қаза тауып, 139 адам түрлі дене жарақатын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жыл басынан бері Түркістан облысының аумағында 127 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 50 адам қаза тауып, 139 адам түрлі дене жарақатын алған.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері жылдамдықты арттыру, қарсы қозғалыс жолағына шығу, автокөлікті мас күйінде басқару, көлікті басқару құқығы жоқ кәмелетке толмағандарға беру, сондай-ақ жол бойында төрт-түліктің қараусыз жайылуы болып отыр.
Бүгінде профилактикалық жұмыстардың барысында тәртіп сақшылары ауыл аймақты аралап, жергілікті тұрғындармен кездесуде. Басты мақсат - тұрғындар арасында жол қозғалысы ережелерін түсіндіру.
Бүгін Түркістан облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Б.Айтпаев Сауран, Созақ аудандарында болды.
Жергілікті тұрғындарға жол ережелерін түсіндірген полицейлер жолдарда мұқият болу қажеттігін ескертіп, көпшілікті жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырды.