«AMANAT» мониторинг топтары өңірлерде бағаның өсуін бақылайды
Былтыр еліміздің барлық өңірінде мониторинг және қадағалау жүргізетін 216 партиялық топ құрылды
«AMANAT» партиясы жанындағы азық-түлік және халық тұтынатын тауарлар бағасына мониторинг жүргізетін қоғамдық топтардың жұмысы қайта жанданды. Осы аптада партиялықтар Астана, Орал, Тараз және Петропавл қалаларындағы сауда нысандарын тексерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Астанада партияның қалалық филиалының қызметкерлері «Астаналық» базарында рейд өткізді. Талдау көрсеткендей, кейбір тауарлардың құны 50%-ға дейін өскен. Мысалы, егер 4 сәуірде пияздың бір килосы 150 теңге болса, 2 аптадан кейін оның бағасы 350 теңгеге жетті. Басқа өнімдер де осылай қымбаттаған.
«Айталық, 4 сәуірде 72,5%-дық сары майдың бір қаптамасы 1800 теңге тұрған еді, ал қазір 4200 теңгеден тіркедік. Біз коммуналдық қызметтердің қымбаттауы немесе үй-жайларды жалға алуға және т.б. тауарларға маусымдық баға өсімі болатынын түсінеміз. Бірақ соған қарамастан, бағаның осыншама шарықтауы көпшіліктің қалтасына ауыр салмақ. Сондықтан да бағаны негізсіз көтерген жағдайлар анықталса, оларға тиісті шаралар қабылдануда», - деді партияның Байқоңыр аудандық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Сергей Солодовников.
Жамбыл облысында партиялықтар макарон өнімдері бағасының 1,8%-ға бір килосы 285 теңгеге дейін, күріш 1,2%-ға бір килосы 350 теңгеге дейін және тұздалмаған сары май 1,5%-ға бір қаптамасы 3238 теңгеге дейін қымбаттағанын атап өтті. Бірақ жақсы өзгерістер де бар, күнбағыс майының орташа бағасы 1 бөтелке үшін 840-тан 820 теңгеге дейін, ал қарақұмық жармасының 1 килосы 450-ден 435 теңгеге дейін төмендеді. Аманаттықтар Тараздағы сауда орталықтарының бірінде орташа бағасы – 128 теңге болатын сәбіздің килосы 145 теңгеден, ал күріш 350 теңгенің орнына килосы 470-570 теңгеден сатылып жатқанын анықтады. Мониторингтік топ мүшелері былтырғы дүрбелеңді ескере отырып, қант қорының жеткіліктілігіне назар аударды. Дүкен әкімшілігінің айтуынша, бүгінгі таңда бір килосы 330 теңгеден сатылатын қант қоры 4 000 тоннаны құрайды.
«Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында біз кейбір сауда орталықтары мен үй маңындағы дүкендерді араладық. Ірі сауда нүктелерінде тауарлардың кейбір түрлеріне бағаның өсуі байқалады. Сондай-ақ, тауарлық-материалдық қорларға назар аударылды. Біз әлеуметтік дүкендерді де тексердік», - дейді «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ғұлам Омаров.
Солтүстік Қазақстан облысындағы партиялықтары да бұл жұмыстан шет қалмай, Петропавлдағы бірқатар сауда орындарын аралады. Мұндағы мониторинг жұмыстары сауда орындарында сатылатын тұрақтандыру қоры өнімдерінің бағасы белгіленген 15% үстемақыдан аспайтынын көрсетті. Сонымен қатар, кейбір тауар түрлері бағасының төмендегені байқалды. Мысалы, килосын 460 теңгеден сатуға ұсынылған қант бірқатар супермаркетте 394 теңгеден сатылады.
«Бағаға үстемеақы қосылған жағдайлар анықталған жоқ. Бірақ тізімдегі белгілі бір өнімдер болмай шығады. Супермаркеттердің бірінде тұрақтандыру қорынан ұнның кейбір түрлері болған жоқ. Әкімшілік мұны тауарға үлкен сұраныс болғандықтан, ұн тез сатылып кетеді деп түсіндірді. Бірақ бағасы тұрақтандыру қорының ұнынан айырмашылығы жоқ басқа ұндар бар. Жаңа тауарлар үздіксіз жеткізіліп отырады деп сендірді. Бағалардың негізсіз көтерілгені анықталған жағдайда азаматтар «AMANAT» қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жүгіне алады», - деді облыстық партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Александр Зель.
Орал қаласында партиялық мониторинг тобының мүшелері «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдерімен кездесті. Партиялықтар Батыс Қазақстан облысындағы тұрақтандыру қорының көкөніс қоймасын тексерді. Мамандардың айтуынша, өңірдің қажеттіліктері үшін тағы 40 көкөніс қоймасы қажет.
«Сәуір айынан бастап жұмыс топтарымыз облыс бойынша 40 рейд өткізді. Соңғы аптада пияз бағасының өсуі байқалды. Бұл ішінара облыста жылына 11 мың тонна пияз тұтынылатынына байланысты, бірақ тұрақтандыру қоры арқылы тек 1000-2500 тонна сатылады. Маусымдық баға циклі қызып тұрған шақта қоймалардың жетіспеушілігінен азық-түлік бағасын ұстап тұру қиын, көкөністерді сақтайтын жер жоқ. Ал жергілікті өндірушілер өнімнің кем дегенде 30%-ын тұрақтандыру қоры арқылы төмен бағамен сатуға келіспейді. Мұнда бизнес пен тұтынушылардың мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды»,- деді «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы Афиза Семғалиева.
«AMANAT» партиясының Партиялық бақылау департаментінде атап өткендей, сауда нысандары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіндегі 19-ының бағасы өсуіне жол бермеуі тиіс. Олай болмаған жағдайда олар Бәсекелестікті қорғау агенттігі немесе Тұтынушыларды қорғау комитеті сияқты құзыретті мемлекеттік органдардан айыппұл арқалауы мүмкін.
Еске сала кетейік, былтыр еліміздің барлық облысы мен аудандарында мониторинг және қадағалау жүргізетін 216 партиялық топ құрылды. Олар дәрі-дәрмектер мен ЖЖМ бағаларын тексереді. Өңірлерде әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының өзгеруі туралы ақпарат «AMANAT»-тың облыстық филиалдары жанындағы Партиялық бақылау комиссияларының отырысында қаралады.