Алматыда дәрігерлер алғаш рет ауыр ота жасап, ана мен баланы аман алып қалды

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Баласы жатырға жабыса біткен жүкті әйелге күрделі ота жасалды

Алматыда дәрігерлер баласы жатырға қабыса біткен әйелге күрделі ота жасады. Мұндай операцияны бұған дейін тек мәскеулік хирургтер ғана жасай алған. Мұндай ауыр жағдай кезінде әдетте дәрігерлер жатырды алып тастаумен ғана шектеліп келген екен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

№2 қалалық перинаталды орталыққа баланың жолдасы жатыр қабырғасына жабыса біткен жүкті әйел түскен. Сирек кездесетін қалыптан тыс жағдайды жүктілікті бақылаған емхана дәрігерлері анықтаған.

Пациент бұған дейін 2013 жылы босанған. Ал 2017 жылы екінші баласын кесарь тілігімен дүниеге әкелген. Клиника дәрігерлері ана мен бала өмірін сақтап қалу үшін кешенді клиникалық-зерттеу жүргізіп, емнің ең тиімді деген әдісін таңдап алды. Себебі жатырға қағанақтың жабыса бітуі және бұрынғы отадан қалған тыртық салдарынан кәдімгі кесарь тілігін жасау қауіпті еді. Көп жағдайда операция кезінде қан кетіп, әйелдің жатырын алып тастауға тура келетін дейді мамандар.

Консилиум нәтижесінде дәрігерлер әйелдің репродуктивтік органдарын сақтап қалуға күш салмаққа бел буды.

«Жатырдың түбіне кесарь тілігі арқылы метропластика деп аталатын ота жасап, О`Leary әдісі бойынша жатырдағы қан тамырларын байлау туралы шешім қабылданды. Содан соң компрессионды тігіс әдісі қолданылды. Бұрын мәскеулік дәрігерлер қолданып жүрген әдіс  тұңғыш рет Алматыда да жасалды», - деді бас дәрігердің орынбасары Қымбат Әбрайымова.

Жоғары технологиялы операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жасалды. Нәтижесінде салмағы 2730 грамм болатын қыз бала дүниеге аман-сау келген. 

Әдетте баланың жолдасы әйел босанғаннан кейін өздігінен түседі. Ал қағанақ жатырға жабыса біткен жағдайда қолданылатын механикалық тәсіл салдарынан қан кетеді. Осының алдын алу мақсатында жатырдағы қан тамырлары байланды. Соның нәтижесінде мамандар жатырдың қағанақ біткен жерін алып тастап, аналық органды қалпына келтіру мақсатында астыңғы бөлігіне пластика жасады.

«Ота сәтті өтті. Әйелдің жатырын сақтап қалдық. Қазір баланың да, ананың да жағдайы жақсы. Олар тәулік бойы мамандардың бақылауына алынды», - деді Қымбат Әбрайымова.