Ақтөбе облысында аудандық білім бөлімінің басшысы сотталды
Ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, кәсіппен айналысқан
Ақтөбе облысы Алға аудандық білім бөлімінің басшысы қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланып, кәсіппен айналысқаны үшін сотталды. Оған 3 жыл 6 ай бас бостандығынан шектеу түріндегі жаза кесілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алға аудандық соты Қылмыстық кодекстің лауазымдық өкiлеттілігін теріс пайдалану, қызметтiк жалғандық жасау және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу баптары бойынша аудандық білім бөлімінің басшысына қатысты істі қарады. Іс материалына сүйенсек, Алға аудандық білім бөлімінің басшысы оқу орталығын ашқан. Жұмысын жүргізу үшін танысына тиесілі жеке кәсіпкердің атын пайдаланады. Сөйтіп, балаларға қосымша білім беру қызметін көрсету үшін конкурсқа түсіп, 1,2 млн теңге ұтады.
Сонымен бірге, жаз айы аяқталар тұста жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, тұмысы төмен, көпбалалы отбасы балалары, мүгедектігі бар 300 баланы 12 күндік лагерьге жіберуді жоспарлайды. Жолдама сатып алуға 18 850 000 теңге бөлінген. Уақыт тығыз, қаржыны игеруге үлгермейтінін білсе де, сотталушы мемлекеттік сатып алуды өткізу туралы шешім қабылдайды. Нәтижесінде конкурс шарттары өзгертіліп, лагерьге 12 күнге емес, 7 күнге жіберілген. Лагерьге барған 203 баланың 160-ы арнайы санатқа жатпайтыны да анықталды. Ал, құжат бойынша 300 бала 12 күндік демалыста болғаны жазылған.
«Сотталушының заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде білім бөлімі серіктестік шотына 10 280 674 теңге сомасында бюджет қаражатын негізсіз аударды. Қылмыстық іс Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары мен сотталушы арасында жасалған кінәні мойындау туралы процестік келісіммен сотқа келіп түсті. Сотталушы сот отырысында процестік келісімнің мазмұнын қолдап, белгіленген жазамен де келісетінін мәлімдеді. Прокурор процестік келісімде сотталушының шын өкінгенін, кінәні мойындағанын және залалды ерікті түрде өтегенін ескерді. Жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тарта отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындау туралы өтініш білдірді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру түрінде қосымша жаза тағайындауды сұрады. Сот көрсетілген жазаны тағайындай отыра, процестік келісімді бекітті. Сот тарапынан Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшылығына жеке қаулы шығарылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», - делінген хабарламада.