Алматыдағы ЖЭО-ның 70% тозған – «Самұрық-Энерго» төрағасы Түтебаев

Azattyq Rýhy

Соңғы бес жылда электр энергиясын тұтыну 9,4%-ға өскен

Алматыдағы ЖЭО-ның 70% тозған – «Самұрық-Энерго» төрағасы Түтебаев

Алматыны электр энергиясымен, жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етіп отырған ЖЭО жартысынан көбі тозған. Ал оны жөндеуге қаражат жетпейді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ақпараттық порталының тілшісі.

«Самұрық-Энерго» АҚ басшыларының сөзінше, жылдан жылға жабдықтардың тозуы артып келеді. Одан бөлек технологиялық бұзылулардың саны арта түссе де, тұтыну көлемі азаяр емес. Басшылар Екібастұз, Рудный, Риддер, Теміртау қалаларында болған апаттар қауіпсіздік жағдайының жоқытығынан орын алғанын мысалға келтірді. 

«Тек Алматы ЖЭО бойынша жабдықтың жалпы тозуы 70%-ға жетті. Станциялардағы жабдық іс жүзінде өзгерген жоқ. ЭГРЭС-1 және ГРЭС-2 блоктарында апат жағдайлары артты. 2022 жылы Самұрық-Энерго компаниялар тобы бойынша 1 312 технологиялық бұзушылық болды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,6%-ға артық. Еншілес компаниялар бойынша 2014 жылдан бастап, Самұрық-Энерго технологиялық бұзушылықтар санын азайту үрдісі сақталып келеді, 2020 жылы «АлЭС» АҚ Алматы ЖЭО қазандық агрегаттарында да технологиялық бұзылулар болды», - деді «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Серік Түтебаев.

Бүгінгі таңда «Самұрық-Энерго» құрамында барлығы 23 компания бар. Былтыр холдингке қарасты орталықтар 35,9 млрд кВтсағ электр энергиясын өндірген. Бұл нарықтағы барлық электр энергиясын өндірудің шамамен 31,8% үлесіне тиесілі. Бірақ соңғы бес жылда электр тұтынудың өсуі 9,4% немесе 9,7 млрд кВтсағ құрады. Бұл ретте, жаңа қуаттарды енгізудің төмен қарқынына байланысты, қолда бар өндіруші қуаттар электр қуатына өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыра алмай отыр. Биыл жылыту маусымында Қазақстан мен Ресей шекарасындағы қуаттың ауытқуы 1 200 МВт-қа дейін жеткен. Жүйелік оператор өнеркәсіптік тұтынушыларға мәжбүрлі тұтыну шектеулерін енгізді. 2022 жылы ең жоғары жүктеме 16 248 МВт құраған. Бұл 2021 жылғы ең жоғары жүктемеден 422 МВт-қа жоғары.Яғни, электр энергиясының тапшылығы биылда азаймайды.

«2023 жылы қажетті резервті ескере отырып, электр қуатының тапшылығы 1,4 ГВт, ал 2029 жылы шамамен 3,1 ГВт мөлшерінде болжанады. Энергетикалық қауіпсіздік ҚР бүкіл ұлттық қауіпсіздік жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылатынын ескере отырып, Үкімет пен Қорға жаңа өндіруші қуаттарды енгізу тапсырылды. Елдің электр қуатына деген қажеттілігін қанағаттандыру үшін Самұрық-Энергода ауқымды энергетикалық жобалар іске асырылуда, оның ішінде Алматы ЖЭО жаңғырту және реконструкциялау (бірінші кезекте қала экологиясын жақсартуға бағытталған), Екібастұз энергия торабында жаңа энергия блоктарын іске қосу және таза көмір технологиялары базасында жаңа көмір электр станциясын салу. Осылайша, жаңа қуаттардың жалпы қуаты 4 ГВт құрайды», - деді Түтебаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.