Жаңаөзендегі жарылыс: зардап шеккендердің жағдайы ауыр

Автор: Azattyq Rýhy

Көппәтерлі үйдегі жарылысқа газдың жылыстап ағуы себеп болған

Фотоколлаж

Маңғыстау облысында газ жарылысынан зардап шеккендердің жағдайы ауыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Хабар24 телеарнасына сілтеме жасап.

«Ақтауға санавиациямен тасымалданған 51 жастағы ер адамның денесінің 70%-ы күйіп қалған. Тағы екі адам Жаңаөзен ауруханасының реанимациясында. 23 жастағы әйелде 30% дене күйігі және омыртқа сынуы бар. Оған ота жасалды», -делінген хабарламада

Сондай-ақ, үйінділердің астынан тартылған 46 жастағы ер адамға ота жасалды. Дәрігерлер екі аяғын да құтқара алды. Сонымен қатар, травматология бөлімінде күйік алған тағы үш адам емделіп жатыр: 9 және 15 жастағы қыздар, сондай-ақ 58 жастағы ер адам. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауырлық дәрежесі ретінде бағалайды.

Естеріңізге сала кетейік, 17 сәуір күні таңғы 4:05 шамасында Жаңаөзенде көппәтерлі үйде газ жарылып, төрт адам қаза тапқан. Облыстық прокуратура хабарлағандай, көппәтерлі үйдегі жарылысқа газдың жылыстап ағуы себеп болған.