Ашуға булыққан тұрғындар қоқыс жәшіктерін өртеп, бұзақылық әрекеттерге жол берген
Франция президентінің зейнетақы реформасына қатысты үндеуінен кейін бірден бірнеше мың адам тағы көшеге шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Euronews хабарлауынша, кеше кешке Эммануэль Макрон бұған дейін халықтың қарсылығына ұшыраған зейнетақы реформасына қатысты тағы мәлімдеме жасап, «реформа қоғам тарапынан қолдау көрмесе де, күзде күшіне енетінін» айтты.
«Әркімнің зейнетақымен қамтамасыз етілуіне және ұлтымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған өзгерістер қажет болды. Бірақ зейнетақыны қысқарту немесе жұмыс істейтіндердің әлеуметтік төлемдерін көбейтумен мәселе шешілмейді. Сондай-ақ біз ештеңе істемей отыра алмаймыз, өйткені қымбатшылық болашақ ұрпақтың қарызы сияқты тоқтаусыз өсіп жатыр», - деді Франция президенті Эммануэль Макрон.
Осылай деген ел басшысы «Жұмыс, заң үстемдігі және әлеуметтік прогресс – елді біріктірудің үш жолы» екенін айтты.
Сондай-ақ қоғамдағы күрделі ахуалды басу ниетімен Макрон үлкен еңбек реформасын жүргізетінін, тек өзіне жүз күн мұрсат берілгенін қалайтынын жеткізді.
Алайда оның бұл мәлімдемесінің соңы тағы қарсылыққа ұшырап, наразылығын қазан-аяқтың тарсылымен білдірген тұрғындар көшеге шығып кетті. Кейбір ашуға булыққан тұрғындар қоқыс жәшіктерін өртеп, бұзақылық әрекеттерге жол берген. Оның соңы полициямен қақтығыспен аяқталды.
Даулы реформаға наразылық білдірушілер 1 мамырда да жаппай шеруге шығатынын мәлімдеді.
Жүргізілген сауалнамалар француздардың басым бөлігі әлі де даулы реформаға қарсы екенін көрсетті.
Сонымен қатар Макрон танымалдылығының рейтингі төмендеді, ал кейбір сарапшылар ол әсіре оңшыл көшбасшы Марин Ле Пенге 2027 жылғы сайлауға дейін күш алуға мүмкіндік беріп қойды деп санайды.