Өрескел заңбұзушылыққа жол берген лауазымды тұлға жауапқа тартылды
Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерлерден банктік шоттардың болуын негізсіз талап ету дерегі анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне Зайсан ауданының бір топ кәсіпкерлері, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы хабарлама жолдап, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша гранттар беру жөніндегі конкурсқа қатысу үшін белгілі бір банктен шот ашу қажеттігі туралы негізсіз талап қойғанын айтып шағымданды», - делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар «Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларының» 53-тармағының 4-тарауына сәйкес, деректемелері бар банктік шот грант беру туралы оң шешімнен кейін 3 жұмыс күні ішінде берілуі тиіс.
Осылайша, бөлім мемлекеттік қызмет көрсету тәртібінің ережелерін бұзып, жасанды әкімшілік кедергілер тудырған.
«Осы мәселені қарау қорытындысы бойынша ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Зайсан ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне нормативтік құжаттар талаптарын мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету және кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуына жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, өрескел заңбұзушылыққа жол берген лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.