Реформа зейнеткерлік жасты 62 жастан 64 жасқа дейін ұлғайтуды көздейді
Франция президенті Эммануэль Макрон зейнетақы реформасы туралы заңға қол қойды. Бұл туралы France Presse агенттігі республиканың ресми журналында жарияланған құжатқа сілтеме жасап хабарлады.
«Макрон зейнетақы реформасы туралы, оның ішінде зейнеткерлікке шығу жасын 64 жасқа дейін ауыстыру туралы заңға қол қойды», - делінген агенттіктің Twitter-дегі аккаунтында.
Осы күннің басында француз кәсіподақтары 1 мамырдағы зейнетақы реформасына қарсы «ерекше және халықтық» демонстрацияға шақырды. Барлық кәсіп өкілдерінің осындай акциясы Франция үшін тарихи болады. Сондай-ақ, кәсіподақтар Макронды зейнетақы реформасы туралы заңға қол қоймауға шақырды.
Айта кетейік, 14 сәуірде Франция Конституциялық Кеңесі зейнеткерлікке шығу жасын 62 жастан 64 жасқа дейін ұзартатын зейнетақы реформасы туралы заңның негізгі бөлігін бекітті. Шешім шағымдануға жатпайды.
Макрон алдағы күндері зейнетақы реформасы туралы Заңға қол қоятыны туралы ақпаратты Елисей сарайында растады.
Осыған байланысты Францияда ереуілдер тоқтамады. Манифестанттар от жағып, мегафонға ұрандар айтып, азаматтарды наразылықты жалғастыруға шақырды. Париждегі митингілерде полиция кем дегенде 112 адамды ұстады. Франция ІІМ мәліметінше, 14 сәуірде Парижде наразылық акцияларына 4 мыңға жуық адам қатысқан.
Еске сала кетейік, зейнеткерлік жасты ұлғайту туралы заң 16 наурызда Парламентте дауыс бермей қабылданды. Реформа зейнеткерлік жасты 62 жастан 64 жасқа дейін ұлғайтуды көздейді. Зейнеткерлікке шығу мерзімі 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап біртіндеп артып, 2030 жылы 64 жасқа жетеді.