Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр
Астанада 14 жастағы оқушы қарақшыны ұстауға көмектесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
102 арнасына Кемеңгерұлы көшесінде белгісіз біреудің әйелдің мүлкін ұрлау мақсатында оған пышақпен шабуыл жасағаны туралы хабарлама келіп түсті.
Тергеу барысында белгісіз ер адамның кешкі уақытта жұмыстан қайтып келе жатқан 38 жастағы әйелге шабуыл жасағаны анықталды. Ол дене күшін қолданып, оның бағалы заттарын ұрламақ болып, кейін қашып кеткен.
Елордалық 14 жастағы оқушы болып жатқан оқиғаның куәгері болды. Әйелдің көмекке шақырып жатқанын естіген ол, оның жанына жүгіріп барып, сол кезде досының полицияға хабарлауы үшін оған телефон шалған. Содан кейін жасөспірім үлкен адамдардың әйелге көмектесуі үшін көліктерді тоқтата бастады.
Бірнеше минуттан кейін патрульдік полиция келді. Бала шабуыл жасаушының белгілерін сипаттап, полицияға ер адамның қай бағытта кеткенін көрсетті.
Полицейлер 30 жастағы ер адамды «ізін суытпай» ұстады. Ол УҰИ-на қамалды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.