Оңтүстік аймақтарда үсік жүреді
«Қазгидромет» РМК алдағы демалыс күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
15-17 сәуір аралығында Қазақстан аумағы Қара теңізден келетін белсенді, ылғалды циклон мен Скандинавия түбегінен ығысатын суық арктикалық ауа ықпалында болады.
«Алдағы күндері құбылмалы күн райы болжанады – жауын-шашын, кей жерлерде қатты жауын-шашын жауады», - дейді синоптиктер.
Батыста жаңбыр, ал солтүстік аймақта жауған жаңбыр соңы қарға ұласуы мүмкін, сондай-ақ бұрқасын, көктайғақ және тұман болады.
Ертең таңертең еліміздің солтүстік өңірлерінде қар жауып, жел соғады. Оңтүстікте де күн күркіреп, қатты жаңбыр, кей жерлерде бұршақ жаууы ықтимал.
Республиканың барлық аумағында жел күшейеді, оңтүстікте екпіні 30 м/с және одан жоғары болады.
Батыс Қазақстан облысында, 16 сәуірден бастап Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында, 17 сәуірден бастап Түркістан облысында түнде үсік жүреді.