Ақмола облысында құны 120 млн теңге болатын жер учаскесі мемлекетке қайтарылды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті

Фото ашық дереккөзден

Қосшы қаласы прокуратурасының актісі бойынша мемлекетке құны 120 млн теңге болатын жер учаскесі қайтарылды. Бұл туралы Ақмола облысының прокуратурасы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қала прокуратурасы жер заңнамасының қолданылуын талдау барысында коммерциялық мақсатта жер беру кезінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан өрескел бұзушылықтар анықталды.

«Мәселен, Қосшы ауылдық округі әкімінің өкімімен 2016 жылғы тамызда Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке ауданы 3,2778 гектар жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын берді. Осы өкімнің негізінде ЖШС мен Целиноград ауданының жер қатынастары бөлімі арасында жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану туралы шарт жасалды», - делінген прокуратура хабарламасында.

Жалдау мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Алайда, 2016 жылдан бастап кәсіпорын жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға бағытталған бірыңғай іс-қимыл жасаған жоқ. Ал құжаттарға сәйкес, ЖШС тұрғын үй кешенін салуды көздеген.

«Кадастрлық құны 65 млн теңге болатын бұл жер учаскесі Қосшы қаласының орталығында орналасқан және жоғары инвестициялық тартымдылыққа ие. Мұндай тұжырымды 2021 жылы ЖШС басқа заңды тұлғаға жалдау құқығын 120 млн теңгеге сатқанынан ғана жасауға болады. Алайда қадағалау органы жер учаскесі ҚР Жер кодексінің 48-бабының нормаларын бұза отырып, атап айтқанда, сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) өткізілмей берілгенін анықтады», - делінген хабарламада.

Прокуратураның ұсынысы бойынша Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару Департаменті жалдау шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап-арыз енгізді.

Ақмола облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 07.11.2022 жылғы шешімімен Департаменттің талап-арыз талаптары жерді мемлекетке қайтарумен толық көлемде қанағаттандырылды. Бұл шешім 16.02.2023 жылы заңды күшіне енді.

«Қосшы қаласы әкімдігінің мәліметтері бойынша осы жер учаскесінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде мектеп салу жоспарланатын болады. Қосшы қаласында халықтың қарқынды дамуы мен өсуіне байланысты жылдан жылға мектептердің апатты тапшылығы байқалатынын атап өткен жөн. Осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады», - делінген хабарламада.