Ауаның ластануын тоқтату: ЖЭО-ны газға көшіру қалай жүзеге асырылады

Автор: Аягөз Құрмаш

Стихиялық қоқыстармен күресу де қолға алынбақ

Фото ашық дереккөзден

Стихиялық қоқыстармен күресу қолға алынады. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбдуалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

«Халықты толғандыратын негізгі экологиялық мәселелердің бірі - қалалардағы атмосфералық ауаның ластануы, оны үш санатқа бөлуге болады.Мәселен, Алматы және Астана қалаларында ластанудың негізгі пайызы жылу көздеріне (ЖЭО, қазандықтар), автокөлікке және жеке секторға тиесілі.Өскемен және Теміртау қалаларында эмиссиялардың ең көп көлемі өнеркәсіпке тиесілі. Ақтөбе және Атырау қалаларында ескірген кәріз-тазарту құрылыстары жоғары ластанудың себебі», - деді Әбдуалиев.

Өңірлердің экологиялық проблемаларын шешу үшін министрлік қала әкімдіктерімен бірлесіп жұртшылықпен, жергілікті атқарушы органдармен және табиғат пайдаланушылармен талқылау кезеңдерінен өткен 485 іс-шараны қамтитын Жол карталарын іске асырып жатыр.

«Бүгінгі таңда іс-шаралардың 33%-дан астамы аяқталды. Мысалы, қабылданған шаралардың қорытындысы бойынша Астанада 2022 жылы атмосфералық ауаға шығарылатын нақты шығарындылардың көлемі 54 мың тоннаны құрады. Сондай-ақ, министрлік 2022 жылы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда 2023 жылға арналған шығарындылар лимиттерін төмендету бойынша мақсатты жұмыс жүргізді. Жеке секторды газдандыру, ЖЭО-ны жаңғырту және газға көшіру жұмыстары жалғасуда», - деді ол.

Әбдуалиевтің айтуынша, космомониторингтің көмегімен 2022 жылы 5683 рұқсат етілмеген қалдықтарды орналастыру орны анықталған, оның 77%-ы жойылды.

«Осы жылдың наурыз айынан бастап рұқсат етілмеген полигондарды анықтау жұмыстары қайта басталды. Бүгінде суреттерді өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, содан кейін олар геопорталға орналастырылады. Стихиялық қоқыс үйінділерін құру мәселесін шешу үшін шаралардың бірі қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдарды ұлғайту болды (жеке тұлғаларға 10 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін). ҚТҚ полигондарының мәселелерін шешу бойынша әкімдіктерге аумақтық проблемалар мен ерекшеліктерді ескере отырып, экологиялық заңнаманың талаптарына сәйкес коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны әзірлеу ұсынылды», - деді ол.