Алматы облысында Асқар Забикулин атындағы әскери-патриоттық клуб ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Клубты ашудағы мақсат – өскелең ұрпақты азаматтық-патриоттық тұрғысында тәрбиелеу

Алматы облысы Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында Астанада бірнеше адамның өмірін құтқарып қалған өрт сөндіруші Асқар Забикулин атындағы «Жас өрт сөндірушілер» әскери-патриоттық клубы ашылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты шараға батырдың жұбайы, туыстары мен достары қатысты.

Клубты ашудағы мақсат – өскелең ұрпақты азаматтық-патриоттық тұрғысында тәрбиелеу. Болашақта әскери-патриоттық клубты толыққанды бейінді сынып ретінде қалыптастыру жоспарланып отыр.

Шараның ашылу рәсімінде Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің құттықтауының видеотрансляциясы жасалды. Ведомство басшысы Алматы облысы Білім басқармасының қызметкерлеріне, Абай атындағы мектеп-гимназияның педагогикалық құрамына, ата-аналар ұжымы мен оқушыларға өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселелерінде атқарып отырған жұмыстары үшін зор алғыс білдіріп, жаңа жетістіктер тіледі. Сондай-ақ балалардың еліміздің лайықты азаматтары атануына тілектестігін жеткізді.

Бұдан бөлек, бірқатар ұстаздар мен облыстық Білім басқармасының лауазымды тұлғаларына ТЖ министрінің алғыс хаттары табыс етілді.