Ғылымға қаржы құюдың пайдалы екеніне кәсіпкерлердің көзін жеткізу қажет – Президент

Автор: Azattyq Rýhy

Тоқаев тың идеяларды және технологиялық жаңалықтарды жедел өндіріске енгізудің маңызына тоқталды

Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында сөйлеген сөзінде ғылым саласы ұлттық экономиканы жаңғырту ісінде аса маңызды рөл атқаруға тиіс екенін алға тартты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Мысалы, Қытайда ғылымға негізделген қоғам атты партия мақұлдаған тұжырымдама бар. Яғни, Қытайда ғылымға негізделген қоғам тұжырымдамасы бар. Партия және Үкіметтің барлық маңызды шешімдері міндетті түрде ғылыми сараптамадан өтуі керек. Мұның бәрі Қазақстан ғылымының даму моделін түбегейлі жаңартатын уақыт келгенін көрсетеді. Сондықтан Қазақстан ғылымын дамыту үлгісін түбегейлі өзгерту – аса маңызды міндет», - деп тоқталды Президент.

Ол қажет болса, келешекте ғылыми шешімдер мен цифрландыруды негізге алатын парасатты экономика моделіне көшу керек болатынын айтты.

«АҚШ, Қытай, Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия елдеріндегі технологиялық серпілісті бүкіл әлем біледі. Олар ғылымның ашық нарықтық үлгісіне көшкеннен кейін зор жетістікке жетті. Мұндай үлгінің бірқатар ерекшелігі бар. Ең алдымен, ғылымға қаржы салуға жеке инвесторларды ынталандыру керек. Технология секторы алып-сатудан гөрі пайдалы әрі өміршең бизнес екеніне кәсіпкерлердің көзін жеткізу қажет. Сонда ғана ғылым мен бизнес арасында өзара тиімді әріптестік орнайды», - деді Қ. Тоқаев.

Осылай деген Мемлекет басшысы зерттеу жұмыстарымен шұғылданатын университеттерді қолдау қажет екенін айтты.

«Ғылым мен өндірістің байланысын нығайтып, инновацияның өзіндік құнын төмендеткен жөн. Яғни, тың идеяларды және технологиялық жаңалықтарды жедел енгізу өте маңызды. Сондай-ақ қажет мамандарды осы салаға ұдайы тартып отыру керек. Бұдан бөлек, балаларды мектеп жасынан бастап ғылымға, инновациялық тұрғыда ойлау әдісіне баулу аса маңызды. Шын мәнінде, дарынды балаларды жастайынан ғылымға тарту керек. Осы өте маңызды жұмысты ірі кәсіпорындар жүргізіп отырса, құба-құп болар еді. Ғылымға бейім жастарды ғылыми орталықтарға шақырып, ғалымдардың жаңа буынын дайындау керек», - деп сөзін түйіндеді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы университеттердегі ғылымды жүйелі түрде дамыту үшін ғылыми мекемелердің ауқымды желісін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

«Аймақтарда академиялық артықшылық орталықтарын, сондай-ақ  технопарктер, инжиниринг хабтары мен зертханалар ашуды тапсырамын. Бұл ретте аймақтың ерекшелігімен қатар, ғылыми-технологиялық және экономикалық даму басымдықтарын ескеру маңызды. Ғылымды мемлекет тарапынан қаржыландыруға ғалымдар, нақтырақ айтқанда псевдоғалымдар «майшелпек» ретінде қарамауы керек екенін баса айтқым келеді. Қаржы гранттарының көбінесе ғылыми маңызы, өзектілігі жоқ жобаларға берілетіні ешкімге жасырын емес. «Парасат» ғылыми холдингінде болған өкінішті жағдай – осының анық мысалы. Бөлінген қаражаттың бәрі құмға сіңген судай болды. Ал оның бұрынғы басшысы, химия ғылымдарының докторы Америка азаматтығын алып, отбасымен бірге елден кетіп қалды. Еліміздегі зерттеу университеттерінің санын біртіндеп көбейту қажет. Шетелдің жетекші  жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу тәжірибесін жалғастыру керек», - деді Президент.