Республика бойынша жел күшейіп, тұман түседі
Синоптиктер 12 сәуірге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бүгін Қазақстанның басым бөлігі жоғары қысым алқабында болады, соған байланысты көбінесе жауын-шашынсыз ауа райы болуы мүмкін. Тек еліміздің шығысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында атмосфералық фронталды бөліктердің әсерісінен жаңбыр және қар түрінде жауын-шашын жауады», - делінген «Қазгидромет» хабарламасында.
Республика бойынша жел күшейіп, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста найзағай, бұршақ, батыста шаңды дауыл, түнде және таңертең солтүстік-батыста, орталықта тұман түседі.
Түнде Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында топырақ бетінде 2 градус үсік жүреді.
Астанада көшпелі бұлт шығады, жауын-шашынсыз ауа райы болады. Жел оңтүстік-батыстан түнде 2-7, күндіз 7-12 м/с жетеді. Ауа температурасы түнде 5-7 градус аяз, күндіз 11-13 градус жылы болады.
Алматыда көшпелі бұлт шығады, түнде және таңертең жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-шығысқа ауысады, жел жылдамдығы 3-8, найзағай кезінде екпіні 15 м/с жетеді. Ауа температурасы түнде 5-7 градус жылы, күндіз 15-17 градус жылы болады.
Шымкентте көшпелі бұлт шығады, жауын-шашынсыз ауа райы болады. Оңтүстік-шығыстан 5-10 м/с жел соғады. Ауа температурасы түнде 7-9, күндіз 23-25 градус жылы болады.