Бұрынғы вице-министр Анатолий Шкарупа Қаржы министрлігінен 10 млн теңге өндіріп алды

Автор: Мира Байбек

Астананың Есіл аудандық соты экс-шенеуніктің талап арызын ішінара қанағаттандырды

Фото ашық дереккөзден

Қазақстанның бұрынғы Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа Қаржы министрлігінен 10 миллион теңге өндіріп алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ҚР Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа 215 млн теңгені жымқыру ісі бойынша ақталып шыққан соң оңалту құқығын пайдалана отырып, ҚР Қаржы министрлігінен 10 млн теңге көлемінде моральдық шығын өндіріп алды. Астананың Есіл аудандық соты экс-шенеуніктің талап арызын ішінара қанағаттандырды.

Сот хабарламасына сәйкес, талап-арыз беруші сот үкімімен кінәсіз деп танылып, қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасауға қатысқаны туралы дәлелдемелердің болмауына байланысты ақталып шыққан. Оған 215 миллион теңгені жымқырды деген айып тағылған болатын. Сол үкіммен ақталған талапкер қылмыстық процесті жүргізуші органның заңсыз әрекеті арқылы келтірілген зиянды өтеуге құқылы деп танылды.

«2018 жылы талапкерді ҚР Бас Прокуратурасының тергеу-жедел тобы ұстап, тергеу сотының санкциясымен сырттай бұлтартпау шарасымен уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қарағанды ​​қаласы Қазыбекби аудандық сотының 2021 жылғы 26 қаңтардағы үкімімен Шкарупа А.В. ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәсіз деп танылып, қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты ақталды», - делінген сот хабарламасында. 

2021 жылдың сәуір айында Қарағанды ​​облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Сот отырысында Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 4-тарауына сәйкес талапкер қылмыстық процесті жүргізуші органдардың заңсыз іс-әрекетінен келген шығынды өтеуге құқылы деп танылды.

«Сот талап арызды ішінара қанағаттандырды. ҚР Қаржы министрлігінен 10 млн теңге көлемінде моральдық шығын өндірілді. Сот қорытындысы қылмыстық жауапқа тарту арқылы заңсыз қудалауға ұшырауына және «қамауға алу» арқылы қоғамнан оқшаулануына байланысты талапкердің моральдық зардап шегуіне негізделді», - деп түсіндірді сот.

Соттың шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, 2018 жылдың қарашасында аз ғана уақыт брын Энергетика вице-министрі болып тағайындалған Шкарупаның 215 млн теңгені заңсыз иемденіп, жымқырды деген күдікпен екі айға қамауға алынғаны белгілі болды.

Ол тағы екі адаммен бірге Қарағанды ​​облысының Саран қаласында жылу есептегіш құралдарын сатып алуға және орнату үшін «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры» АҚ-на бөлінген бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді.

Прокурорлар оны 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. 2021 жылдың қаңтарында Шкарупа ақталып шықты.