Министр тергеу нәтижесі ресми түрде жарияланатынын мәлімдеді
Батыс Қазақстан облысында төрт адамның өмірін қиған тікұшақ апатына қатысты тергеу жмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мәжіліс отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап берген ТЖМ басшысы оқиғаға ауа райының күрт нашарлауы себеп болуы мүмкін екенін атап өтті.
«Қазіргі кезде барлық тергеу шарасы жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Ұшақтағы дыбыстарды өздігінен жазып алатын құрылғы халықаралық ұйымға жіберілді. Мәліметтер оқылып, зерттеледі. Қазірше апатқа ауа райының күрт нашарлауы себеп болды деген болжам бар. Алдағы уақытта тергеу толық аяқталған кезде біз оның нәтижесін ресми түрде жариялайтын боламыз. Қаза тапқандардың жақындарына тағы да көңіл айтамын», - деді Ю. Ильин.
Еске салайық, 23 ақпанда Батыс Қазақстан облысында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Ми-8 тікұшағы құлап, борттағы алты адамның төртеуі қаза тапқан еді.