Телеарна мен ақпараттық портал бір медиахолдинг құрамына енді
«31» телеарна мен informburo.kz ақпараттық порталын бір холдинг құрамына біріктіру процесі аяқталды. Жаңа құрылған медиахолдингтің басшысы болып «31-арнаның» Бас директоры Құрманбек Жұмағали тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл жұмыс бірнеше жыл бұрын «31-арнаның» «Информбюро» бағдарламасы мен informburo.kz интернет-порталы редакцияларын интеграциялау негізінде басталған еді. Екі медианы біріктіру – басқару және редакциялық саясат сапасын одан әрі арттыруға, мультимедиялық ақпараттық контент өндірісін күшейтуге мүмкіндік береді.
«Алдымен холдингтің бизнес-мақсаттары мен міндеттерін анықтадық. Бірнеше бағыт бойынша жұмысты жіті назарға аламыз. Ең бастысы, елдегі және әлемде болып жатқан оқиғаларды жедел, шынайы әрі жан-жақты көрсетуді жалғастыра береміз, медиахолдингтің интернет-кеңістігіндегі жұмыс ауқымын ұлғайтамыз, аудиторияның қажеттіліктерін ескере отырып түрлі жанрдағы жаңа контент ұсынамыз», – деді Медиахолдинг басшысы Құрманбек Жұмағали.
Айта кетейік, биыл «31-арнаға» 30 жыл толады. Мерейтой қарсаңында телеарнаның эфирге шығу жүйесі толығымен автоматтандырылып, шығармашылық топ көрермендерге бірнеше жаңа ойын-сауық шоу, сериалдар мен фильмдер ұсынады. Ал мультимедиялық, ақпараттық-сараптамалық informburo.kz порталы 2015 жылы құрылды және еліміздің жетекші ақпараттық сайттарының біріне айналып үлгерді.
Informburo.kz 24/7 режимінде елде және әлемде болып жатқан жаңалықтарды ұсынып, оқырмандарға түсіндірме журналистика жанрында ақпарат береді. 2022 жылдан бастап портал арнайы репортаждар мен эксклюзивті сұхбаттар түсіріп, өзінің YouTube-каналын белсенді түрде дамыта бастады.