Биыл дизел отынын тұтыну 15 пайызға артқан
Биыл дизел отынын тұтыну 15 пайызға артқан. Бұл туралы Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты,деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Қазақстанда дизель отыны тапшылығының басты себебі - бағадағы диспропорция. Отандық отын бағасы көрші елдермен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Қазақстан – әлемдегі жанармайы арзан он елдің қатарында. Мысалы үшін Ресейде дизель бағасы орташа есеппен литріне 345 теңге, біздегі нарық бағасынан 45%-ға қымбат. Қырғызстандағы баға 64%-ға жоғары, яғни литріне 390 теңге, Өзбекстандағы баға бізбен салыстырғанда екі есеге қымбат - литріне 480 теңге, бағамыздағы айырмашылық - 101 пайыз. Қазақстандық дизель отынын түрлі жолдарды пайдаланып, шетелге сатудан түсетін пайда 50%-дан 120 %-ға дейін жетеді, жалпы пайда жылына шамамен 140 млн АҚШ доллары», - деді Ақшолақов.
Ол атағандай, көрші елдердегі жағдай Қазақстанның ішкі нарығына да әсер етіп отырады.
«Мысалы, өткен жылдың наурызында Ресейдегі бөлшек саудадағы дизель отынының бағасы Қазақстандағы бағамен теңесіп, арзандаған болатын. Нәтижесінде біз Ресеймен шекаралас жанармай станцияларында отынды сату көлемі азайғанын байқадық, демек Қазақстаннан жанармай шығару экономикалық тиімсіз болды. Алайда, бір айдан кейін көрші елдердегі баға күрт көтерілген кезде, біз дизель өндіру көлемін арттырсақ та, күз айларында оның тапшылығын қайта көрдік. Осы жылы да бағадағы айырмашылық сақталып отыр. Нәтижесінде өткен жылғы наурыз айымен салыстырғанда тұтыну көлемі 15%-ға артқанын көріп отырмыз», - деді ол.