Әлемдік экономика вирус кесірінен 2,3 трлн доллар жоғалтады деген болжам бар
Ғалымдар жыл соңына дейін коронавирустан 15 млн адам өліп, әлемдік экономика 2,3 трлн доллардан қағылатынын болжады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Daily Mail-ге сілтеме жасап.
Басылымның хабарлауынша, бұл зерттеуді Австралия ұлттық университетінің ғалымдары жүргізген. Олар коронавирус әлемдік экономикаға әсер етпей қоймайтынын жазған.
«Қытайда өлім деңгейі 2 пайыз. Басқа мемлекеттерде 3,4 пайызға жетті. Ең жақсы болжамның өзінде жыл соңына дейін коронавирустан қаза тапқандар саны 15 миллионға жетеді. Қытай мен Үндістанда миллиондаған адам, ал АҚШ-та 230 мың адам қаза табады», - деп жазылған зерттеу қорытындысында.
Ғалымдар COVID-19-ды тұмаумен салыстырған.
«Британияда коронавирустан 64 мың, Германияда 79 мың, Францияда 60 мың адам қайтыс болады», - деп болжаған ғалымдар.
Олардың айтуынша, әлемдік экономика коронавирус кесірінен 2,3 трлн доллардан қағылады.
«Ең жаман жағдайда коронавирустан әлем бойынша 12 млн адам қаза тауып, әлемдік экономика 9,4 трлн доллардан айырылады», - деп болжады ғалымдар.