«AMANAT» партиясы алдағы өзгерістердің бел ортасында болады деп үміттенемін – Президент
Ол партияның тәжірибесі мол, қоғам тарапынан қолдауы бар екенін айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында депутаттардың міндеті туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жалпы алдағы бесжылдық шағын және орта бизнесті қолдауға арналуы керек. Ұлттық жобалар уақытылы және сапалы жүзеге асырылуы тиіс. Бюджеттің әрбір тиыны тиімді жұмсалуы керек. Осының бәріне парламенттік бақылау жасау айрықша маңызды. Өздеріңізге дауыс берген азаматтар үлкен үміт күтіп, сенім артып отыр. Депутаттар билік пен қоғамның әріптестігін нығайтуға үлес қосуы қажет. Бұл жұмыс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орнықтыруға септігін тигізеді. Әсіресе сайлауда жеңіске жеткен «AMANAT» партиясы осы жұмысқа белсене атсалысады деп сенемін. Партияның тәжірибесі мол, қоғам тарапынан жан-жақты қолдау бар. Сондықтан «AMANAT» партиясы алдағы өзгерістердің бел ортасында болады деп үміттенемін», - деді ол.
Тоқаев депутаттарға бір ғана маңызды міндет жүктелетінін айтты.
«Яғни, әрдайым өзгерістердің бел ортасында болу керек. Сіздер шешім қабылдайсыздар және сол үшін жұрт алдында жауап бересіздер. Халықтың мүддесін тиімді қорғау және еліміздегі өзекті мәселелерді шешуге атсалысу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату қажет. Еліміздің негізгі басымдықтарын баршаңыз жақсы білесіздер. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру. Сол арқылы тамыры тереңде жатқан мемлекеттілік дәстүрімізді нығайта түсу қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.