Ақмола облысында ауыл әкімі су бөгетін сатып жіберіп, өзенді жауып тастады
Оны аукцион арқылы 8 млн. теңгеге саудалапты
Ақмола облысында ауыл әкімі су бөгетін сатып жіберді. Кәсіпкер құрылысты бастау үшін Өлеңті өзенін бөгеп тастаған. Салдарынан өзен бойындағы 10 шақты ауыл мен 9 көл сусыз қалған. Ал ондағы 40-тан астам шаруашылық жеріміз көктемей қалатын болды деп шу көтерді. Бұл туралы Azattyq Ruhy astanatv-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Павлодарлық шаруалар Өлеңті өзенінде салынып жатқан бөгет құрылысына қарсы. Айтуларынша, Өлеңті ауылының әкімі өзендегі бөгетті жеке меншікке сатып жіберген.
Тұрғындардың ашуын тудырған осы бөгет. Әлдебір шаруашылық Өлеңті өзенін бөгеп, арнасын бітеп тастаған. Соның салдарынан өзен бойындағы 10 шақты ауылдың шабындық жерлеріне су бармай қалды.
«Осы өзеннің бойын мекендеп отырған үлкен 5 ауыл отыр. 5 ауылдың халқының бәрі малына қарап отырған адамдар. Егер су жайылмай қалған жағдай болса, шөп шықпайды. Шөп шықпаса, малды әрі қарай асырау қолымыздан келмейді. Сондықтан, осыны бір жағына шығарып, ашып берсе деп ойлаймыз», - дейді шаруа Қаныш Әубәкіров.
«Осы Өлеңті өзенінің бойында тұрғандықтан, осы өзеннің бойынан шыққан шөппен малымызды асырап отырмыз. Ал суды бір ғана шаруашылық үшін бөгеп, бір шаруашылықтың кесірінен мына жақтағы 60 шаруашылық сусыз қалып жатса, ол деген катастрофа», - дейді шаруа Жұмабек Рахымбекұлы.
Ал керекулік шенділер өзен бойындағы елді-мекендерге экологиялық қауіп төніп тұрғанын айтады. Себебі, мұнда ірілі ұсақты 9 көл тартылып қалуы мүмкін.
«Бұл экологияға өте әсер етеді. Біздің Әулиекөл, 9 көліміз құрып кетуі мүмкін. Тұзданып, тұщы су жоғалып кетуі мүмкін. Флора, фауна жоғалады. Аң, құс кетеді. Ондағы өмір сүріп отырған азын-аулақ азаматтар көшеді. Жұмыссыздық пайда болады», - дейді Екібастұз ауылдық округының әкімі Жанат Ыбраев.
Өлеңті ауылының әкімі өзенді емес, су бөгетін сатқанын айтады. Оны аукцион арқылы 8 млн. теңгеге саудалапты.
«Сарықамыс бөгеті 70 жылдары салынған. Өлеңті совхоз кезінде ауылдың малын шөппен қамту үшін. Көп жылдары иесіз қалды. Соттың шешім шықты жанағы бөгет иесіз деп. Біз кірісті ойлау керекпіз. Сондықтан бөгетке құжаттарды дайындағаннан кейін 2022 жылы электрноный аукционда сатылады. Сатып жібердік», - дейді Өлеңті ауылының әкімі Алмагүл Мұстафина.
Ал су бөгетін сатып алған кәсіпкер өзен суын пайдалануға рұқсат алғанын айтты.
«Қанша бізге су келеді. Сол суға біздер рұқсат алдық заң бойынша. Қанша керек соны ұстаймыз. Қалғаны речкаға түседі. Қалған артық су алмаймыз», - дейді кәсіпкер Айдар Нығметов.
«Ертіс бассейні» инспекциясының Павлодар бөлімшесі кәсіпкердің дамба салу үшін рұқсат алмағанын жеткізді.
«Айдар» шаруа қожалығы Ерейментау ауданы әкімдігінен алған рұқсаты бойынша дамбаны қайта құрды. Бірақ, осы жұмыстарды жүргізбек бұрын «Ертіс бассейні» инспекцияда осы жұмыстарды келісу үшін жүгінген емес», - дейді «Ертіс бассейні» инспекциясы Павлодар бөлімінің басшысы Әлия Абылхасанова.
«Ертіс бассейні» мекемесі тұрғындарға сотқа жүгінуге кеңес береді. Егер шағым түскен жағдайда, нысанды тексереміз - деп отыр. Ал тұрғындар қол жинап, жоғары жаққа арызданбақ.