463 млн теңге пайда тапқан: атышулы қаржы пирамидасы бойынша күдікті ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдіктіні 2 айға «қамауда ұстау» шарасына санкция берілді

Фотоколлаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті қала прокуратурасымен бірлесіп «Qnet» қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша күдіктіні ұстады. Аталмыш компания Астана мен Ақмола облысының аумағында 2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін жұмыс істеді. Бұл туралы Azattyq Ruhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Күдікті жеке тұлғалардан тартылған қаражатты кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, «Qnet» қаржы пирамидасының қызметін ұйымдастырды. Схема бойынша ескі салымшыларды жаңа келгендердің жарналары есебінен қайта бөлу және байыту арқылы жүзеге асырылды.

«Qnet» халықаралық компаниясының қызметі желілік маркетинг және электрондық коммерция қызметі түрінде жасырылды. Бірқатар шет елдерде «Qnet» компаниясы қаржы пирамидасы деп танылды, сондай-ақ оны ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы пирамидасының белгілері бар компаниялар тізіміне енгізді.

Өкілетті органның қорытындысына сәйкес компания салымшыларынан түскен түсім сомасы 463 млн теңгені құрады.

Астана қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге 2 айға «қамауда ұстау» шарасына санкция берді. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды», - делінген ведомствон хабарламасында.