Риддердегі ЖЭО-ға 11 млн теңге айыппұл салынды – прокуратура
Төлемді қайта есептеу арқылы тұрғындарға 63,3 млн теңге залал өтелді
ШҚО прокуратурасының қадағалау актісі бойынша «Риддер ЖЭО» АҚ-ға 11 млн теңге айыппұл салынды. Ал қала тұрғындарына жылу тиісінше жеткізілмегені үшін 63 млн теңге өтелді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомство мәлім еткендей, былтырғы қарашада Риддер қаласында апат болып, соның салдарынан қала тұтынушыларына берілетін жылу төмендеп кеткен.
Аталған жағдайдың себептерін анықтау үшін Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы уәкілетті органдардың мамандарымен бірлесіп, кәсіпорын қызметінде тексеру жүргізді.
«Тексеру нәтижелері көрсеткендей, «Риддер ЖЭО» АҚ-ның техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз күйде екені анықталды. Сондай-ақ 240-тан астам заңбұзушылық дерегі анықталды.
Прокуратураның қадағалау актілері бойынша уәкілетті органдар ЖЭО қатысты заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығара отырып, 11 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік жаза қолданды», - делінген Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының хабарламасында.
Прокуратураның ұсынысы бойынша «Риддер ЖЭО» АҚ жылу энергиясын тиісті деңгейде жеткізбегені және сапасының нашарлағаны үшін төлемді қайта есептеу арқылы 63,3 млн теңге сомасына 21,7 мың тұтынушыға залал өтелді.
Тақырыпқа орай: Риддердегі ЖЭО-да қандай ақау шыққаны белгілі болды
Бұдан басқа, тексеру барысында 548 млн теңге сомасына тарифтік смета мен инвестициялық бағдарламаның қаражатын мақсатсыз жұмсау туралы табиғи монополиялар туралы заңнаманы бұзу фактісі анықталды.
«Риддер ЖЭО» АҚ үшін 2023 жылғы 1 сәуірден бастап 2024 жылғы 31 наурызға дейін халыққа тарифті 18%-ға төмендете отырып, уақытша өтемдік тарифті бекітті», - делінген хабарламада.