Алматыда ішек обыры дертінің өлімі көбейді - онколог

Автор: Azattyq Rýhy

Биыл Алматыда онкологиялық скринингтерге 1,9 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған

Алматы қаласы тік ішек пен тоқ ішек обырының салдарынан болатын өлім көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда. Колоректалды обыр ересектер арасындағы өлім-жітімге себепкер дерттер арасында 2-орында тұр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Алматы онкологиялық орталығының бас дәрігері Нұрсұлтан Ізбағамбетов қала тұрғындарын  онкоскринингтен өтуге шақырды. Айтуынша, обырдың бұл түрі кең таралған.

«Колоректальды ісіктің пайда болуына ең алдымен тұқым қуалаушылық факторы әсер етеді. Сонымен қатар, дұрыс тамақтанбау, қатерлі емес ісіктер салдарынан болатын созылмалы аурулардың бәрі де обыр қаупін күшейтеді. Бойында осы белгілер бар адамдар гастроэнтерологқа қаралып, денсаулығын ерте бастан күте бастағаны абзал», – деді бас дәрігер.

Онкологтың сөзінше, бұл сырқатқа көбіне жасы 50-ден асқандар шалдығады. Сол себепті тік ішек пен тоқ ішек обырына тексеру 50 мен 70 жас аралығындағы азаматтар арасында жүргізіледі.

«Жыл сайын Алматы қаласында 100 мыңнан астам еркек пен әйел осы дерт бойынша тексеруден өтеді. Олардың үлкен дәретін жедел әдіспен зерттеп, жасырын қан бар-жоғын анықтаймыз. Бұл нәтижесі 3-5 минутта шығатын жылдам тәсіл. Зерттеу нәтижесі «оң» шығып жатса тоқ ішекті эндоскопиялық құралдармен тексеру қажет болады. Бірақ көп пациенттер одан бас тартады», – дейді онколог.

Кейін мұндай пациенттер ауырып келгенде, 3-4-ші стадиядағы қатерлі ісік анықталып жатады. Ал 4-стадиядағы обырды емдеп-жазу мүмкін емес. Сондықтан маман колоректалды обырды дер кезінде анықтау үшін тексеруден өту қажеттігін ескертеді.

Айта кетерлігі, Медициналық сақтандыру қоры жыл сайын профилактикалық тексерулерге, соның ішінде халықты онкологиялық сырқаттарға тексеруге қаражат бөледі.

«2023 жылы Алматыда онкологиялық скринингтерге Қор тарапынан 1,9 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оның 204,9 млн теңгесі колоректалды обырға тексеруге бөлінген», - деді МСҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев.

Еске сала кетсек, профилактикалық скринингтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жүргізіледі. Сондықтан скринингтен өту үшін пациент сақтандырылған болуы шарт. Скринингтен тұрғылықты жердегі емхана арқылы өтуге болады. Үлкен дәреттен қан табылса, іш қату, біресе қатып, біресе өтетін болса, шаршағыштық белгілері жиі байқалса терапевке, хирург неменсе онкологқа қаралу керек.