«Мен туралы қауесетті тексеру оңай»: Ерлан Стамбеков өзіне тағылған айыптаулар туралы

Автор: Azattyq Rýhy

Ол алып-қашпа әңгімеге бірден сене салмай, кез келген жайтты тексеруді ұсынады

Сайлауалды жарыс кезінде «арнайы қызметпен байланыста болды» деген айыптауға іліккен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Ерлан Стамбеков арнайы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ерлан Стамбеков өзінің аталған ұйымдарға ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеп, ол айыптаулар мен болжамның барлығын тексеру оңай екенін жеткізді.

«Мен Алматы қаласында өмір сүретін қатардағы тұрғынның бірі ғанамын. Қоршаған ортаны өзгертуге тырыстым. Жұртшылықты біздің акциямызға қосылуға шақырамын. Соның бірі – «Алма қала». 10 жылда жүз мыңнан астам ағаш отырғыздық. Бірақ қанша отырғызғанымыз емес, қаншасының аман қалғаны маңызды. Сондықтан әрқашан тұрғындардан кері байланыс сұраймын. Сізге белгілі бір шартпен көшет бердік, ал сіз оған қамқорлық жасайсыз», - деді Парламент депутаттығына кандидат Ерлан Стамбеков.

Үміткер сайлаудан кейін де өзі туралы алып-қашпа әңгіме еститінін, алайда ондай сөзге бірден сене кетпей, кез келген оқиғаны тексеруді ұсынады. Оның ең оңай жолы Facebook пен Instagram желісіндегі парақшаларды зерттеу екенін айтады.