Пітір садақадан түскен қаражат қайда жұмсалады?

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Ол пітір садақаның маңызын түсіндіріп өтті

Фото ашық дереккөзден

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы пітір садақадан мешіттерге жиналған ақша қайда жұмсалатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бас мүфтидің сөзіне сенсек, жиналған қаражат жыл бойы мұқтаж жандарға таратылады. 

«Жалпы пітір садақасы әр мешітке жеке-жеке түседі. Бір жерге ғана түспейді. Қазақстанда қазір 2700-ден астам мешіт бар. Тұрғындар өздері тұрып жатқан жердегі мешіттерге жеке-жеке береді. Әрине бір қалаға немесе мешітке қатысты мәлімет керек болса, оның есебін көруге болады және сұраған адамдарға беруге де болады. Ал мешіттерге түскен садақа жыл бойы мұқтаж жандарға беріліп отырады», - деді Бас мүфти.

Ол сондай-ақ, ауызашар мен ас беру кезінде қызмет көрсететін мешіт асханаларының қызмет ақысынан мешіт, әлде асхана иесі салық төлей ме деген сұраққа жауап берді.

«Кейбір мешіттердің жанында асханалары бар. Бұл асханаларды мешіттер жеке кәсіпкер сияқты түрлі формадағы мекемелерге жалға береді. Олар асхананы пайдаланғаны үшін мешітке ақша төлейді. Мешіт сол қаражаттан имамдардың жалақысын, су мен жылудың ақысын төлейді. Ал мешіттен жалдап алған асханалардың иелері салықты өздері төлейді. Мемлекеттің өкілетті органдары олардың жұмысын қадағалайды. Біздің жұмыс – мешіттің асханасы болса, оларды падаланатын кісілерге қызмет көрсетуге жалға беру», - деді Бас мүфти.