Қазақстанда сайлау ашық, бәсекеге қабілетті өтті – Түркі мемлекеттері ұйымының миссиясы
Халықаралық ұйымның бақылаушылары дауыс беру күні ешқандай заң бұзушылықтарды анықтаған жоқ

Түркі мемлекеттері ұйымы миссиясы Бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров ұйым бақылаушыларының Қазақстанда өткен мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Учаскелердің ашылуы заңнама талаптарына сәйкес іске асырылды. Жалпы, біздің миссия 32 сайлау учаскесіне барды. Біз тиісті мониторинг жүргіздік және оның барысында айтарлықтай кемшіліктер болған жоқ. Атап айтқанда, сайлауды ұйымдастыру мен өткізу заң талаптары аясында өтті», - деді Сади Джафаров.
Сонымен қатар ол, сайлауға кері әсерін тигізбекші ешкім болмағанын атап өтті. Мүгедек және ерекше адамдарға дауыс беруге жақсы жағдай жасалғанын да алға тартты.
Естеріңізге сала кетейік, 19 наурызда Қазақстанда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. ҚР Орталық сайлау комиссиясының алдын ала деректері бойынша, тізімге енгізілген азаматтардың жалпы санының 54,19%-ы бюллетеньдер алды. Бұл дауыс беруге құқығы бар бар 12 035 578 азаматтың 6 521 860-ы бюллетень алды деген сөз.