Алматылық бақылаушылар: учаскелік сайлау комиссиялары кәсіби дайындықтарын көрсетті
Спикерлердің айтуынша, сайлау барысында ешқандай жүйелі заң бұзушылықтар болған жоқ

Дауыс беру күні сайлау комиссияларының мойнына ауқымды жүк артылды. Бюллетеньмен қатар, кандидаттар саны да көп болды. Соған қарамай, сайлау комиссиясының өкілдері дауыс беру процесін кәсіби тұрғыда атқарды. Бұл туралы Бақылаушылар мектебінің жетекшісі Александр Братенков айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
«Дауыс беру процесінде негізгі жұмыс сайлау комиссяларына байланысты екені сөзсіз. Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері барынша білікті және құзыретті болулары керек. Учаскелік комиссия мүшесінің әрқайсысы заңнаманы білуге қатысты кәсіби дайындықтан өтеді. Алматыда сайлау комиссиясы мүшелерінің біліктілік деңгейі айтарлықтай жоғары», - деп атап өтті спикер.
Алматы азаматтық альянсының төрағасы Қайыржан Абдыхалықов та комиссияның жұмысына жоғары бағасын берді.
«Біздің өзіміз де сайлаушы ретінде дауысымызды бердік. Мен өзімнің сайлау учаскемде дауыс бердім. Учаскелік сайлау комиссиясының жұмысын іштен де бақылап көрдім. Менің сайлау учаскемде бәрі жүйелі түрде ұйымдастырылған. Сайлау комиссиясының мүшелері бюллетень бойынша да, тізім бойынша да жұмыстарын ойдағыдай атқарды. Сайлаушы ретінде маған барлық құқығымды түсіндірді»,- деді ол.
Сонымен бірге, спикерлердің айтуынша, бақылаушылар ешқандай жүйелі заң бұзушылықтарды байқамаған. Алматыда сайлау барысы штаттық режимде өткен.