Оңтүстік Корея азаматтарына Қазақстанға кіруге тыйым салынды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстан Оңтүстік Кореяны коронавирус инфекциясы өршіген елдердің қатарына қосты

Фото: ашық дереккөзден

8 наурыздан бастап коронавирусқа байланысты Оңтүстік Корея азаматтарына Қазақстанға кіруге тыйым салынды. Бұл туралы елордада өткен брифингте Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Вице-министр екі елдің әуе компанияларына қазақстандықтарға ғана ұшуға рұқсат етілетіні туралы хабарланғанын айтты.

«Шектеудің ресми және мемлекеттік делегацияларға, сондай-ақ қызметтік және дипломатиялық паспорттардың иелеріне, әуе компания ұшқыштары мен экипаж мүшелеріне, локомотив бригадаларына, теміржол көлігіндегі тасымалдау қызметімен байланысты адамдарға, жүктерді халықаралық тасымалдаумен айналысатын жүргізушілерге қатысы жоқ», - деді ол.

Айта кету керек, Қазақстан Оңтүстік Кореяны коронавирус инфекциясы өршіген елдер санатына қосты. Бұған дейін санатқа Қытай мен Иран енген болатын.