Түркиядағы сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталды
Жалпы, Түркиядағы қазақстандықтар белсенді түрде дауыс берді
Түркияда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттары депутаттарына дауыс беру үшін ашылған үш учаскенің жұмысы аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Түркиядағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің жанынан жергілікті уақыт бойынша сағат 7:00-ден бастап №286, 255 және 296 сайлау учаскелері жұмыс істеді. Олар Анкара, Стамбул және Анталья қалаларында орналасқан. Учаскелер жұмысы сағат 20:00-де аяқталды. Анкарадағы сайлау учаскесінде дауыс берушілердің көп болғаны айтылады.
Жалпы, Түркиядағы қазақстандықтар белсенді түрде дауыс берді. Олардың көбі – студенттер, туристер, кәсіпкерлер, сондай-ақ дипломатиялық миссиялар және халықаралық ұйымдар өкілдері.
Сайлау учаскелерінде дауыс берушілер үшін барлық жағдай жасалды. Қашық аймақтардағы студенттер үшін автокөлік ұйымдастырылды. Ал, денсаулығына байланысты учаскелерге бара алмаған қазақстандықтар үшін мобильді урналар ұсынылды.
Түрлі халықаралық ұйымдар өкілдерінен құралған тәуелсіз байқаушылардың бағалауынша, дауыс беру барысында ешқандай заң бұзушылық тіркелмеген.
Комиссия мүшелері дауыс санауға кірісті.