Қазір өңірде су тасқынына қарсы шаралар жүзеге асырылуда
Петропавл тұрғыны сайлау учаскесіне трактормен барды. Болатбек Кәрімов коммуналдық компанияда еңбек етеді. Бүгін ол кезекшілікке шыққан. Уақыт үнемдеу үшін дауыс беруге ауыр көлікпен жеткен жұмысшы өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Сайлау демалыс күні өткенімен, жексенбі күніжұмыс істейтіндер көп. Коммуналдық шаруашылық қызметкері Болатбек Кәрімов уақыт тауып, Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектепте орналасқан сайлау учаскесіне барды. Оның ауыр техниканы тізгіндегеніне 20 жыл болған. Ал дауыс беруге қызметтік көлікпен бірінші рет барғанын айтып әзілдейді.
«Конституциялық құқығымызды пайдалану керек. Ешқашан сайлаудан тыс қалған емеспін. Бүгін кесте бойынша жұмысқа шықтым. Сонда да азаматтық борышымды орындайын деп шештім. Аға буын өкілдері жастарға үлгі көрсетуі керек. Өйткені бүгін жасалған таңдау – ел ертеңін айқындайды. Елімізде тыныштық болсын!» - дейді коммуналдық шаруашылық жұмысшысы Болатбек Кәрімов.
Қазір өңірде су тасқынына қарсы шаралар жүзеге асырылуда. Қала көшелерінен қар шығару жұмысы үдеді. Сондықтан тракторшы үшін әр минут қымбат. Сол себепті ол дауыс бере сала, қайтадан жұмысына асықты.
«Сайлау учаскесі таңғы 7-де ашылды. Тұрғындар таңсәріден сайлауда белсенділік танытып, құқығын пайдаланып, дауыс беріп жатыр. Біздің учаскеде де денсаулығына байланысты үйден дауыс беретіндер бар. Қазіргі уақытта 12 адамнан өтініш түсті. Бұл тұрғындарды түстен кейін араладық. Жалпы осы учаскеде 1850 дауыс беруші тіркелген», - дейді №574 сайлау учаскесінің төрағасы Михаил Ярышев.
№574 сайлау учакесінде 18 жасқа толған 4 азамат алғаш рет дауыс берді. Соның бірі таңғы 7:30 келіп, өз таңдауын жасады. Оған алғаш дауыс беруші ретінде бағалы сыйлық табыс етілді.